Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларациясы жарияланды

Құжаттың толық мәтіні Ақорда сайтында жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон 1993 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы қатынастардың негіздері туралы шарттың және 2015 жылғы 14 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шарттың ережелерін басшылыққа ала отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормаларын ұстанатынын растай отырып, екі ел халықтарының достық пен өзара сыйластықтың мызғымас қағидаттарына негізделген ғасырлар бойғы тарихи, рухани және мәдени тұрғыдан ортақ тұстарына сүйеніп, Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуының жоғары маңызы барын, тәуелсіз даму жылдарында қол жеткізілген мемлекетаралық диалогтың жоғары деңгейін, сондай-ақ сан салалы ынтымақтастықты дамытудың оң серпінін атап көрсете отырып, өзара сыйластық, сенім және қолдау қағидаттарына негізделген екіжақты қатынастарды ұзақ мерзімді және жан-жақты тереңдету бағытының өзгермейтіндігін растай отырып, екіжақты өзара іс-қимылды жаңа сапалық деңгейге шығаруға деген өзара ұмтылыстың Қазақстан мен Тәжікстан халықтарының байырғы мүдделеріне толық жауап беретініне, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың барлық қолда бар әлеуетін екі мемлекетті экономикалық жағынан одан әрі өркендету мен өңірлік тұрақтылықты нығайту мақсатында кешенді түрде іске асыруға жәрдемдесетініне сенімді бола отырып, осы Декларацияны қабылдайды және мыналарды мәлімдейді:

1. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы сан салалы және көпқырлы байланыстарды неғұрлым жоғары деңгейге шығаруды көздейтін одақтастық өзара іс-қимылды орнатады.

2. Тараптар тәуелсіздікті, мемлекеттік егемендікті, аумақтық тұтастықты нығайту мақсатында мүдделер мен тең құқықтылықты өзара ескеру негізінде одақтастық өзара іс-қимылды жолға қоюға, сондай-ақ екі мемлекеттің стратегиялық әріптестігі мен одақтастық өзара іс-қимылына нұқсан келтіретін кез келген әрекеттен қалыс қалуға ниетті.

3. Тараптар саяси, экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық, әскери және әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға дайын екенін білдіреді.

4. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы парламентаралық достық топтарының қызметін жандандыру және халықаралық парламентаралық ұйымдар желісі бойынша бірлескен жұмысты күшейту арқылы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды жақтайды.

5. Президенттер екіжақты сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың бүкіл кешенін үдемелі түрде ұлғайту мен жетілдірудің, Тараптардың аумақтарында екі ел компанияларының кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына қолайлы экономикалық, қаржылық және құқықтық жағдайларды қалыптастыру, бірлескен өндірістерді құру және бірлескен экономикалық бағдарламаларды дамыту үшін қосымша күш салудың маңызды екенін атап өтеді.

6. Тараптар өзара тауар айналымының көлемін ұлғайту бойынша, оның ішінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді ілгерілетуге, сауда құрылымын әртараптандыруға, берілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстанның іскер топтарының қатысуымен тауар өндірушілердің өзара сауда-экономикалық миссиялары мен бизнес-форумдарын ұйымдастыруға қолайлы жағдайлар жасау арқылы қажетті шараларды қабылдайды.

7. Тараптар инвестициялық өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың, инвестиция тартуға қолайлы жағдайлар жасау мен оларды мемлекеттік деңгейде қорғаудың маңызды екенін атап өтті. Тараптар өзара инвестицияларды жан-жақты қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша шаралар қабылдауға бекем ниетін білдірді.

8. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы мұнай-газ және химия кешендері, машина жасау, тау-кен, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, көлік және байланыс кәсіпорындары арасындағы тығыз кооперацияны дамытуды қолдайды.

9. Президенттер тиімді өзара іс-қимыл жасауға, сауда, шаруашылық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасының өңірлері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесуге дайын екенін білдіреді.

10. Тараптар агроөнеркәсіптік кешен саласында, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын өзара беру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің, қайта өңдеу мен сақтаудың прогрессивті технологияларын пайдалану мәселелері бойынша байланыстарды екіжақты нығайтуға және тәжірибе алмасуға жәрдемдесетін болады.

11. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы көліктік өзара байланыс саласында, ұлттық және халықаралық көлік инфрақұрылымдарын бірлесіп пайдалану, өз аумақтарында қолайлы логистикалық жағдайларды тиісінше қамтамасыз ету және транзиттік тасымалдарды жүзеге асыру ісінде өзара іс-қимылды ұлғайтуға ниетті.

12. Тараптар ғарыш кеңістігін бейбіт жолмен игеру саласындағы кешенді ынтымақтастықты, оның ішінде бірлескен жобаларды, өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді іске асыру және ілгерілету арқылы жолға қою мен дамытуға дайын екенін білдіреді, сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстан экономикасының секторларын цифрландыру саласындағы өзара іс-қимылды дамыту қажеттігін атап өтеді.

13. Тараптар цифрлық экономика және сауда, ақпараттық технологиялар, IT-қауіпсіздік және жасанды интеллект саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызды екенін атап өтеді.

14. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы белгіленген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу мақсатында Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Тәжікстан үкіметаралық комиссиясының қызметін жандандыруға ниетті.

15. Тараптар өңірдің су ресурстарының ортақ және бір екенін мойындай келіп, су-энергетикалық ресурстарды өңірдің барлық мемлекетінің мүдделерін ескере отырып, кешенді және ұтымды түрде пайдалану Орталық Азиядағы саламаттылық пен орнықты дамудың негізгі факторларының бірі болып табылатынын атап көрсетеді.

16. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы Арал теңізі бассейніндегі экологиялық дағдарысты еңсеруге және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған бірлескен бастамалар мен бағдарламаларды іске асыру бойынша өңір елдерінің өзара іс-қимылын тереңдету үшін Орталық Азияның су-экологиялық проблемаларын шешудегі жалғыз өңірлік институционалдық алаң болып табылатын Халықаралық Аралды құтқару қорының маңызды рөлін растайды.

17. Тараптар қоршаған ортаны қорғау, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастыра береді.

18. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында өңірлік өзара
іс-қимыл жөніндегі өзара мүдделер мен бастамаларды ілгерілете отырып, сыртқы саясат саласында тығыз ынтымақтасуға ниетті.
Тараптар Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінің әлеуетін толық іске асыру мақсатында олардың форматын жетілдіруге мүдделі екенін растайды.

19. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының және оның институттарының, Дүниежүзілік сауда ұйымының, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының, Ислам ынтымақтастығы ұйымының және басқа да халықаралық және өңірлік құрылымдар мен форумдардың аясында тығыз өзара іс-қимыл жасауды жалғастыра береді.

20. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы екіжақты, сондай-ақ көпжақты деңгейлерде халықаралық терроризмге, экстремизмге, есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмыскерлікке, қарудың заңсыз саудасына, киберқылмыскерлікке және халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің басқа да сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы күресте ынтымақтастықты нығайту бойынша бірлесіп күш жұмсайтын болады.

21. Тараптар халықаралық ядролық қаруды таратпау режимінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың ережелерін ұстанатынын растайды.

22. Президенттер екі ел халықтарының рухани және мәдени жақындығын сақтауға, мәдениет пен өнер, ғылым, білім, туризм, жастар және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы өзара байланыстарды тереңдетуге жан-жақты ықпал ететін болады.
Екі мемлекеттің аумағында ұлттық мәдени орталықтардың, қоғамдар мен қауымдардың қызметіне қолайлы жағдайлар жасауға, сондай-ақ бір мемлекеттің аумағында жүрген басқа мемлекет азаматтарының құқықтарын қамтамасыз ету және мүдделерін қорғау бойынша шаралар қабылдауға дайын екенін растайды.

23. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы ғылыми зиялы қауым өкілдері, мәдениет, әдебиет, өнер қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар мен мәдени-гуманитарлық бағыттағы басқа да мекемелер арасындағы көпжылғы байланыстар мен қатынастардың негізінде ортақ мәдени кеңістікті нығайтатын болады.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, шығармашылық және спорттық ұжымдар, жастар және әйелдер ұйымдары, кәсіптік одақтар және басқа да азаматтық қоғам институттары арасында тікелей байланыстарды дамытуға және тәжірибе алмасуға баса көңіл бөлінетін болады.

24. Мемлекет басшылары жас ұрпақты рухани-адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеуді, олардың құқықтарын қорғауды және таланттары мен талпыныстарын қоғам мүддесінде іске асыруды қоса алғанда, екі елдің жастарын қолдауға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізуді толығымен құптап-көтермелейтін болады.

25. Алға қойылған жоғары мақсаттарды іске асыру мақсатында Президенттер өз үкіметтеріне жақын арада Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарттың жобасын әзірлеуді және келісуді тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорда
Өзгелердің жаңалығы