Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара сауда: 2025 жылдың қорытындысы қандай?
Ресми деректерге шолу жасап, екі елдің байланысы жөнінде экономистпен тілдестік.
Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қатынас дәстүрлі түрде жоғары деңгейде сақталып отыр. 2025 жылғы ресми деректерде қандай өзгерістер болды? BAQ.KZ тілшісі ресми деректерге шолу жасап, екі елдің байланысы жөнінде экономист, R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғановпен сөйлесті.
Ресми деректер
Сауда министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27,4 млрд АҚШ доллар болған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2,7%-ға төмен (28,1 млрд доллар).
Қазақстанның Ресейге экспорты айтарлықтай қысқарып, 8,14 млрд доллар болған, яғни 14,8%-ға төмендеді. Экспорттың азаюына бірқатар негізгі тауар жеткізілімінің қысқаруы әсер еткен. Атап айтқанда, уран экспорты 34%-ға (617,2 млн долларға), мыс концентраттары іс жүзінде толық тоқтап, 202,4 млн долларға азайды. Сондай-ақ өңделмеген мырыш 64,2%-ға, хром және темір рудалары, мойынтіректер мен жүк көліктері де едәуір қысқарды.
Сонымен қатар кейбір тауарлар бойынша өсім байқалды. Мәселен, алтын экспорты 59,5%-ға өссе, парфюмерия 3,7 есе артқан. Күкірт жеткізілімі 37 есе көбейіп, минералды тыңайтқыштар 2,5 есе өсті. Азық-түлік өнімдері, цемент және болат прокаты бойынша да оң динамика тіркелді.
Негізгі экспорт тауарлары
Қазақстанның Ресейге экспорттайтын негізгі тауарлар қатарында уран (1,2 млрд доллар), ыстықтай илектелген болат (479,8 млн доллар), алюминий оксидтері мен гидроксидтері, темір рудалары және алтын бар.
Импорт
Ал Ресейден Қазақстанға импорт 3,5%-ға өсіп, 19,2 млрд доллар болды. Импорттың артуы ең алдымен мұнай өнімдері жеткізілімінің екі есеге жуық өсуімен байланысты. Сондай-ақ алтын, табиғи газ, болат өнімдері, тұрмыстық тоқыма бұйымдары мен шоколад өнімдерінің импорты да айтарлықтай артқан.
Сонымен қатар, бірқатар тауарлар бойынша импорт қысқарды. Мысалы, тазартылмаған мыс, уран, бидай, пластмасса бұйымдары, теміржол локомотивтері мен жүк вагондарының жеткізілімі азайған.
Импорт құрылымында негізгі үлес табиғи газ (841,6 млн доллар), алтын (752,7 млн доллар), мұнай өнімдері (703,1 млн доллар), болат, тұрмыстық тоқыма өнімдері, электр энергиясы және кондитерлік өнімдерде.
Жалпы алғанда, 2025 жылғы деректер Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда сақталғанымен, экспорттың қысқарып, импорттың өсуі сауда Қазақстан үшін нашарлағанын көрсетеді.
Сарапшы не дейді?
Экономист, R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғанов Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қатынастардағы қазіргі үрдістерге баға беріп, негізгі тәуекелдер мен өзгерістерді атады.
Оның айтуынша, 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 27,4 млрд доллар болған. Бұл ретте импорт өсіп, экспорт керісінше төмендеген.
Импорт шамамен 3,5%-ға артты, ал Қазақстанның Ресейге экспорты 14,8%-ға қысқарды. Бұл жақсы көрсеткіш емес, өйткені сауда балансы теріс қалыптасып, Ресейдің пайдасына жұмыс істеп отыр, - деп түсіндірді сарапшы.
Байғанов экспорттың төмендеуін бірнеше фактормен байланыстырады. Оның пікірінше, бұл ең алдымен химия өнімдері, металл, көлік саласындағы жеткізілімдердің азаюымен байланысты.
Бұған санкциялық қысым да әсер етуі мүмкін. Бұрын Ресейге кейбір тауарлар Қазақстан арқылы жеткізіліп келген, қазір бұл көлем қысқарды, - деді ол.
Сарапшы Ресей Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Оның мәліметінше, бұл елдің үлесіне Қазақстанның сыртқы сауда айналымының шамамен 20%-ы тиесілі.
Сонымен қатар, экспорт құрылымында да мәселе бар. Байғановтың айтуынша, төмендеу негізінен қосылған құны жоғары өнімдерде байқалады.
Әсіресе химия өнімдері шамамен 565 млн долларға, көлік саласы 435 млн долларға, минералды өнімдер мен тыңайтқыштар 285 млн долларға қысқарды. Бұл – құрылымдық проблема, - деді сарапшы.
Ал импорт құрылымында, керісінше, өсім байқалады. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдері, бағалы металдар бойынша жеткізілім артқан.
Жалпы экспорт құрылымы әлі де жеткілікті деңгейде әртараптандырылмаған. Негізінен металдар, көлік, минералды ресурстар мен химия өнімдеріне тәуелді, - деді Байғанов.
Сарапшы инвестициялық байланыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, Ресей Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі болып қала береді.
Жалпы ресейлік инвестициялар көлемі 27-30 млрд доллар шамасында. Ірі инвесторлар қатарында “Лукойл”, “Роснефть”, “Газпром”, “Росатом” бар, - деді ол.
Алайда 2025 жылы Ресейден келетін тікелей инвестициялар көлемі азайған. Сарапшы мұны Ресей экономикасындағы қиындықтармен және санкциялық қысыммен байланыстырды.
Сондай-ақ ол екі ел арасындағы жалпы инвестиция көлемі шамамен 40 млрд доллар екенін атап өтті. Оның ішінде 30 млрд доллары – Ресейдің Қазақстанға салған инвестициясы, ал Қазақстанның Ресей экономикасына салған қаржысы шамамен 10 млрд доллар.
Байғанов Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстар тарихи тұрғыдан тығыз екенін айтты. Оның сөзінше, бұл қатынастар ТМД, ҰҚШҰ және Еуразиялық экономикалық одақ аясында дамып келеді.
ЕАЭО аясында Ресейдің үлесі өте жоғары – жалпы ЖІӨ-нің шамамен 86%-ы осы елге тиесілі. Ал Қазақстанның одақ ішіндегі саудасының басым бөлігі Ресеймен байланысты, - деді ол.
Сарапшы сыртқы факторлардың да әсерін атап өтті. Оның пікірінше, санкциялар, төлем жүйелеріндегі шектеулер және рубль бағамының тұрақсыздығы саудаға кері әсер етеді.
Рубль бағамының құбылмалылығы бизнес үшін үлкен тәуекел. Валюта бағамы қысқа уақытта 20-30%-ға өзгеруі мүмкін. Бұл сауда қатынастарын тежейді, - деп түйіндеді Арман Байғанов.
Бұған дейін Қазақстан тауарлары БАӘ нарығына шығатынын хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ Қазақстан ұны алғаш рет АҚШ нарығына жөнелтілгені белгілі болған еді.