Қазақстан мен Қытай арасындағы ортақ QR-төлем қалай жұмыс істейді?
Қазақстан мен Қытай арасында трансшекаралық QR-төлем жүйесін іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Жоба жүзеге асқанда қазақстандық банктердің клиенттері Қытайда QR-код арқылы төлем жасай алады. Алайда алғашқы кезеңде бұл мүмкіндік барлық банк клиентіне бірдей қолжетімді болмауы мүмкін. BAQ.KZ тілшісінің сауалына Ұлттық банк жобаның қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Еске салайық, 2026 жылдың соңына қарай Қазақстан мен Қытай арасындағы QR-төлем инфрақұрылымын интеграциялау жоспарланып отыр.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жаленов LinkedIn желісіндегі парақшасында екі ел арасындағы қаржылық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі туралы жазған еді.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы қаржылық байланыстың келесі кезеңі тек сауда-саттық пен инвестиция көлемімен ғана емес, екі елдің экономикасын байланыстыратын қаржылық инфрақұрылымның дамуымен де айқындалады.
Осы бағытта Қазақстан Ұлттық банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері Қытай Халық банкі, Қаржылық реттеу жөніндегі ұлттық басқарма, CIPS, Қытай банктер қауымдастығы және ірі коммерциялық банктердің басшылығымен кездесулер өткізген.
Сонымен қатар Ұлттық банк пен Қытай Халық банкі мерзімін ұзарту мүмкіндігі қарастырылған үш жылдық валюталық своп туралы жаңа екіжақты келісімге қол қойды.
«Бұны тек өтімділікті қамтамасыз ету құралы ретінде қарастыруға болмайды. Ол өзара есеп айырысуда теңге мен юаньды кеңінен қолдануға ықпал ете отырып, сауда және инвестиция саласы үшін анағұрлым берік негіз қалайды», – деп атап өткен Бинұр Жаленов.
Қытайда QR-төлем қалай жұмыс істейді?
BAQ.KZ тілшісі трансшекаралық QR-төлем жүйесінің қалай жұмыс істейтінін нақтылау үшін Ұлттық банкке сауал жолдады.
Ұлттық банктің Ақпарат және коммуникациялар департаментінің мәліметінше, Қазақстанда ұлттық төлем инфрақұрылымының бір бөлігі саналатын Банкаралық мобильді төлем жүйесі (БМТЖ) іске қосылған.
Бұл жүйе заманауи төлем қызметтерін, оның ішінде трансшекаралық төлемдерді дамытуға мүмкіндік береді.
«БМТЖ-ны дамытудың келесі кезеңінде трансшекаралық төлем жасау мүмкіндігін енгізу және жүйені шет мемлекеттердің төлем инфрақұрылымдарымен ықпалдастыру көзделіп отыр», – делінген Ұлттық банктің BAQ.KZ-ке берген ресми жауабында.
Қазір трансшекаралық төлем бойынша бірнеше негізгі бағыт пысықталып жатыр. Олардың қатарында Қытай, Үндістан, Түркия және Орталық Азия елдері бар.
Алғашқы бағыттардың бірі – Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық QR-төлем жүйесін дамыту.
Қазірдің өзінде Қытайда QR арқылы төлеуге бола ма?
Ұлттық банктің мәліметінше, қазірдің өзінде кейбір қазақстандық банктер өз клиенттеріне Қытайда QR арқылы төлем жасау мүмкіндігін ұсынып отыр. Алайда мұндай қызмет жекелеген банктер мен олардың шетелдік серіктестері арасындағы екіжақты келісімдер негізінде жұмыс істейді.
Жаңа жобаның басты айырмашылығы – QR-төлемді жеке банктер деңгейінен ұлттық төлем инфрақұрылымы деңгейіне шығару. Осы мақсатта Ұлттық банктің «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ UnionPay International компаниясымен бірлесіп, БМТЖ деңгейінде интеграция жүргізіп жатыр.
Алғашқы кезеңде кімдер пайдалана алады?
Ұлттық банк интеграцияның технологиялық ерекшеліктеріне байланысты алғашқы кезеңде жаңа қызмет барлық банк клиентіне бірден қолжетімді болмайтынын түсіндірді.
«Алғашқы кезеңде трансшекаралық QR-төлем қызметін UnionPay төлем құралдарын пайдаланатын БМТЖ жүйесіндегі банктердің клиенттері пайдалана алады», – деп хабарлады Ұлттық банк.
Яғни қызметтің нақты қай банктерде іске қосылатыны олардың БМТЖ мен UnionPay инфрақұрылымына қосылуына байланысты болады.
Комиссия мен валюта бағамын кім белгілейді?
QR арқылы төлем жасаған кезде комиссия мөлшері, лимит, валюта айырбастау тәртібі және басқа талаптар бірыңғай деңгейде белгіленбейді.
Ұлттық банктің түсіндіруінше, бұл шарттарды трансшекаралық сервиске қосылатын банктер өздері белгілейді.
«Жекелеген төлем құралдарын шығару және пайдалану, тариф, комиссия, лимит, валюта айырбастау және қызмет көрсетудің өзге де талаптарын тиісті трансшекаралық жобалар іске асырылған кезде сол сервиске қосылатын банктер белгілейді», – делінген ресми жауапта.
Демек, Қытайда QR арқылы төлем жасаған кезде қолданылатын айырбас бағамы мен комиссия әр банкте әртүрлі болуы ықтимал.
Ұлттық банк трансшекаралық төлем жүйесін дамыту жұмыстары Қазақстанның ұлттық төлем инфрақұрылымы мен шетелдік серіктестердің технологиялық дайындығына қарай кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті. Осылайша, Қытаймен QR-төлем интеграциясы Қазақстанның трансшекаралық төлем жүйесін кеңейтудегі алғашқы ірі бағыттардың біріне айналмақ. Кейін бұл модельді Үндістан, Түркия және Орталық Азия елдерінің төлем инфрақұрылымдарымен байланыстыру көзделіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар Қытайда QR арқылы төлем жасай алатыны, жүйелер жыл соңына дейін біріктірілетіні хабарланды.