Қазақстан мен Қытай арасында құпия келісім жоқ – Жеңіс Қасымбек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек қазір әлеуметтік желіде тарап жатқан «2015 жылы Қазақстан мен Қытай арасында жасырын келісім жасалды» деген мәліметке қатысты түсініктеме берді.

«Мен өзім осындай мәліметті оқығанмын. Ол жалған ақпарат. Рас емес. Ондай құпия келісім жоқ. 2015 жылы екі үкіметтің арасында келісімге қол қойылған. Бірақ, ол келісім Әділет порталында ашық түрде жарияланған. Порталға кіріп, оқыңыздар, ешқандай құпия жоқ. Ол келісімде қай салада бірігіп жұмыс істейміз, қай салаға басымдық береміз, сол айтылған. Келісімде тек қана өндіріс қарастырылған. Оның ішінде химия, транспорт, логистика, энергетика, басқа салалар да бар. Осы келісім бойынша ешқандай құпия жоқ», - деді Жеңіс Қасымбек Үкімет үйінде өткен брифинг барысында.

Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары еліміздегі қытайлық компаниялардың үлесін атап, оларда қанша қазақстандық азаматтың еңбектенетінін айтқан болатын. Сондай-ақ, елімізде лас әрі ескі бірлескен кәсіпорындар жоқ екенін жеткізген еді.

Еске салсақ, 11-12 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапармен барады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы