Қазақстан мен Қырғызстан: Қай елде жәрдемақы көп төленеді?
Қырғызстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік жәрдемақылардың, зейнетақының жекелеген түрлері мен ақшалай өтемақылардың мөлшері артады. Қырғызстан президенті тиісті жарлыққа қол қойғаннан кейін елдің Еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрлігі жаңа төлемдердің мөлшерін жариялады. Ал Қазақстанда зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 10%-ға өсті.
Қырғызстанда кімдердің жәрдемақысы артады?
24.kg хабарлауынша, Қырғызстанда төлемдердің едәуір өсуі мүгедектігі бар адамдарға қарастырылған.
18 жасқа дейінгі, соның ішінде балалардың церебралды сал ауруы және мүгедектіктің өзге де түрлері бар балалардың жәрдемақысы 8 мың сомнан (шамамен 41,3 мың теңге) 11 мың сомға (56,8 мың теңге) дейін көтеріледі. Осындай төлем АИТВ немесе ЖИТС диагнозы бар балаларға, сондай-ақ осы инфекциялармен өмір сүретін аналардан туған балаларға да белгіленеді.
Бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы да өседі. I топтағы азаматтарға 11 мың сом (56,8 мың теңге), II топтағыларға 9,6 мың сом (49,5 мың теңге), III топтағыларға 8,4 мың сом (43,3 мың теңге) төленеді.
Жалпы ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы мөлшері де артады. I топтағы адамдар 8,5 мың сом (43,9 мың теңге), II топтағылар 6 мың сом (31 мың теңге), III топтағылар 5 мың сом (25,8 мың теңге) алады.
Ата-анасынан айырылған балаларға төленетін жәрдемақы да өзгереді. Екі ата-анасынан айырылған балаларға 8 мың сом (41,3 мың теңге), ал бір асыраушысынан айырылғандарға 5 мың сом (25,8 мың теңге) төленеді.
«Баатыр эне» орденімен марапатталған көпбалалы аналардың зейнетақысына қосылатын үстеме бес есе өсіп, 5 мың сомға (25,8 мың теңге) жетеді. Ал зейнетақы алуға құқығы жоқ, 55 жасқа толған осындай аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы да 5 мың сом (25,8 мың теңге) болады.
Биік таулы аудандарда тұратын және зейнетақы алуға құқығы жоқ қарттардың төлемі 2 мың сомнан (10,3 мың теңге) 3 мың сомға (15,5 мың теңге) дейін көтеріледі.
Ұлы Отан соғысының қатысушылары ай сайын 11 мың сом (56,8 мың теңге), ал интернационалист-жауынгерлер 9 мың сом (46,4 мың теңге) алады. Құрметті донорлардың төлемі екі есе өсіп, 2 мың сомға (10,3 мың теңге) жетеді.
Есту және көру қабілеті бұзылған адамдарға берілетін өтемақы 2 мың сомға (10,3 мың теңге) дейін ұлғаяды. Чернобыль атом электр стансасындағы апат салдарын жоюға қатысқандарға зейнетақысына қосымша ай сайын 1 мың сом (5,2 мың теңге) өтемақы төлеу қарастырылған.
Сондай-ақ Қырғызстанда мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар мен матростарға мүгедектігі бойынша берілетін ең төменгі зейнетақы 12,3 мың сомды (63,5 мың теңге) құрайды. I топтағы мүгедектігі бар азаматтардың базалық зейнетақы бөлігі ұлғайып, жалпы төлемі 9,5 мың сомға (49 мың теңге), ал III топтағылардікі 5 мың сомға (25,8 мың теңге) жеткізіледі.
Бұл өзгерістерге жұмсалатын шығын республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы қаншаға өсті?
Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар, базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері 10%-ға артты.
Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге болды. Ал ең жоғары мөлшері 60 005 теңгеге жетті.
Мысалы, 2019 жылы зейнетке шыққан 70 жастағы азаматтың бюджеттен алатын зейнетақысы 2025 жылы 171 588 теңге болған. 2026 жылғы өсімнен кейін оның жалпы зейнетақысы 192 816 теңгеге жетті. Оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңге, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңге. Бұл есепке Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін қаражат кірмейді.
Мемлекеттік жәрдемақылар да 10%-ға өсті. Бірінші, екінші және үшінші бала туғандағы төлем 164 350 теңгеге, төртінші және одан кейінгі балаға берілетін жәрдемақы 272 475 теңгеге жетті.
Төрт баласы бар отбасыларға төленетін жәрдемақы 69 330 теңге, он баласы бар отбасыларға берілетін төлем 173 мың теңге болды.
Мүгедектігі бар адамдардың жәрдемақысы да артты. I топтағы азаматтарға 111 872 теңге, II топтағыларға 89 498 теңге, III топтағыларға 61 021 теңге төленеді.
Сонымен қатар асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігін жоғалту жағдайларына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдер де 10%-ға ұлғайды.
2027 жылы Қазақстанда төлемдер тағы өсе ме?
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, келесі жылы зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді индекстеуге қосымша 739 млрд теңге қарастырылған. Қаражаттың басым бөлігі зейнетақы төлемдеріне бағытталады.
Бұған дейін 2027 жылы Қазақстандағы зейнетақыны 8,5%-ға көтеру жоспарланып отырғаны хабарланған еді. Алдын ала есеп бойынша, ең төменгі жиынтық зейнетақы 113 541 теңге болуы мүмкін. Бұл – жоспарлы көрсеткіш, нақты мөлшерлер ресми бекітілгеннен кейін белгілі болады.
Ескерту: сомалардың теңгедегі баламасы 2026 жылғы 27 қазандағы 1 сом = 5,16 теңге бағамымен есептелген. Айырбастау бағамы өзгеруі мүмкін.
Бұған дейін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жәрдемақылар азаматтардың әл-ауқат деңгейін ескере отырып тағайындалатынын хабарлаған едік.