18 Қараша 2026, 10:11 Фото: unsplash.com

Қазақстан мен Мальдив арасындағы әуе рейстері аптасына 14-ке дейін артады

Монреаль қаласында (Канада) өткен ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Мальдив Республикасы Азаматтық авиация басқармасының төрағасы Абдул Харис мырзаның кездесуі өтті.

Фото: Көлік министрлігі

Кездесу барысында екі ел арасындағы екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту, әуе қатынасы мен туристік байланыстарды кеңейту перспективалары талқыланды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша әр тараптың тағайындалған әуе тасымалдаушылары үшін рұқсат етілген тұрақты рейстер санын аптасына 7-ден 14-ке дейін ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Фото: Көлік министрлігі

Тараптар сондай-ақ «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежелі құқықтарын пайдалана отырып ұшуларды орындау мүмкіндігін талқылады, бұл әуе компанияларына халықаралық бағыттарды ұйымдастыру кезінде қосымша коммерциялық мүмкіндіктерді қарастыруға жол ашады. Мальдив аралдары қазақстандықтар арасында танымал демалыс бағыттарының бірі болып табылады, бұл өз кезегінде әуе қатынасын дамытуға қосымша алғышарттар жасайды.

Тараптар азаматтық авиация саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға және ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделіліктерін растады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Сенегал әуе қатынасы туралы келісім жасасуға ниетті екенін хабарлаған болатынбыз.

Тағы оқи отырыңыз:

Қытайға қатынайтын әуе рейсі көбейеді

Қарашада Алматыдан Токиоға тікелей әуе рейсі ашылады – Нәлібаев

Алматы мен Астанадан Фукуок аралына тікелей әуе рейстері ашылады