Қазақстан МАГАТЭ-ні сотқа бермейді
Бұл жайында Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осыған дейін Қазақстан МАГАТЭ-ні сотқа бермек деген ақпарат тараған еді.
Bloomberg агенттігінің мақаласына келсек, бұл көптен бері шешілмей жатқан мәселе. Яғни, МАГАТЭ-ге мүше жекелеген мемлекеттердің агенттіктің басқару органдарында өкілдік етпеуіне қатысты екенін хабарлаймыз. Қазақстан агенттіктің тарихында алғаш рет МАГАТЭ-нің өңірлік топтарына кірмейтін және іс жүзінде МАГАТЭ-нің басқарушы органдарына сайлану құқығынан айырылған 17 елдің тізімін кодификациялауға қол жеткізді. Бұл тізімге Орталық Азияның барлық елдері, Израиль, Непал, Бахрейн, Камбоджа, Бруней Дар ус Салам және басқалары да кіреді, - деді Смадияров Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Смадияровтың айтуынша, Қазақстан бұл мәселені шешу жөніндегі қарар жобасын МАГАТЭ-нің Венадағы бас конференциясының алдағы сессиясына енгізуді жоспарлап отыр.
Ағылшын тіліндегі Bloomberg мақаласының түпнұсқасында орыс тіліне аудару кезінде бұрмаланған дәл осындай хабарлама айтылған. Осы ретте айтайын дегеніміз, бұл сот арқылы талап ету емес, консенсустық қарарды енгізу туралы айтып отырмыз. Қазақстан мүдделі елдермен және МАГАТЭ хатшылығымен бірлесіп, осы мәселені реттеу және ұйымға қатысушылардың барлығының консенсусына негізделген құқықтық тетікті табу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Біз соның ішінде ядролық бестік тарапынан үлкен қолдауға ие болдық, - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Айбек Смадияров ресейлік консул болған Евгений Бобровтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдіргендігін айтқан болатынбыз.