Қазақстан Конституциясы алғаш рет Брайль әліпбиінде жарық көрді
Бүгін Конституциялық Сот алғаш рет Брайль шрифтімен мемлекеттік және орыс тілдерінде басылып шыққан Қазақстан Республикасы Конституциясының тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Қазақстанның Ата заңының мәтінін көру қабілеті нашар немесе зағип азаматтарға Брайль шрифтіне (бедерлі-нүктелі тактильді шрифт) аудару жобасын ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі және Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жарық көрді.
Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимова бүгінгі іс-шара ауқымды екенін атап өтті.
Бүгін Қазақстан Республикасы Конституциясының Брайль шрифтіндегі қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасының тұсаукесерін өткізіп отырмыз. Әр адам заң үстемдігіне, құқығын қорғауға және басқа да дүниелерге қол жеткізе алуға құқығы бар. Әр елдің Ата заңында осы сұрақтардың жауабы бар. Біздің ең басты мақсатымыз – ҚР Ата заңына әр азаматтың қол жеткізе алғаны, - деді КС басшысы.
Ол атап өткендей, Конституциялық Сот Конституцияға және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына сәйкес әрбір адам үшін теңдік, қадір-қасиет және әділдік қағидатын ілгерілетуді жалғастырып келеді Азимованың айтуынша, Конституция мәтінін Брайль шрифтімен басып шығару – бұл КС-ның осы саясатты ілгерілетуге қосқан үлесі болмақ.
Өз кезегінде, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы Фолькер Фробарт Қазақстан Конституциясының мәтінін Брайль шрифтімен басып шығару қазақстандық конституциялық бақылау органының құқық қорғау құндылықтарына және ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге инклюзивті көзқарасқа бейілділігін көрсететінін атап өтті.
Қазақстан БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясының қатысушысы, ол қатысушы мемлекеттерді мүгедектігі бар адамдарға ақпаратқа, білімге қол жеткізуді, заң алдындағы теңдікті және тең құқықтық қорғауды, сондай-ақ сот төрелігіне қол жеткізуді қамтамасыз ету арқылы адам өмірінің барлық аспектілеріне жан-жақты қатысуы мақсатында тиісті шаралар қабылдауға шақырады.
Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов еліміздің негізгі құжаты барлық азаматқа қолжетімді болатынын айтты.
ҚР Конституциясына сәйкес еліміз өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Әркімнің заң мен сот алдындағы теңдігі қағидаты баянды етілген. Қазақстан “Мүгедектердің құқықтары туралы” Конвенцияның қатысушысы. Сол себепті осындай халықаралық міндеттемелерді орындау, қоғамның әртүрлі салаларында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында бірқатар шаралар қабылданып жатыр, - деді ол.
Бақыт Нұрмұханов басым бағыттардың бірі – қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті. Осы бағытта еліміздің басты заңы - Конституция осындай азаматтарға да қолжетімді болуы үшін Брайль шрифтімен басылып шығарылды. Олар Брайль шрифті арқылы Ата заңмен танысып, өз құқықтарын біліп қана қоймай, қорғау тетіктерін пайдаланып, өмірдегі өз мақсаттарына жете алады.
Брайль әліпбиімен шығарылған Конституция мәтінінің басылымдары 56 мекемеге, соның ішінде республикалық және аймақтық кітапханаларға, оқу орталықтары мен мамандандырылған мектептерге беріледі.
Дефектолог, тифлопедагог Әділ Оралбаев елордадағы №10 мектеп-гимназиясында көзінде мүкістігі бар балалармен жұмыс істейді. Ол балаларға кеңістікті бағдарлау сабағын үйретеді. Әділ Оралбаев Брайль шрифтімен шығарылған Конституцияның оқып көріп, ол жөнінде пікірін бөлісті.
Маған Конституцияны Брайль шрифтімен басып шығарғаны ұнады. Оқуға өте ыңғайлы. Меніңше, бұл өте маңызды, қажет дүние. Себебі әр қазақстандық еліміздің ең басты құжатымен таныс болғаны жөн. Қазақстанның Конституциясы барлық азаматқа қолжетімді болуы керек. Осы бағытта Конституциялық Сот үлкен қадам жасап отыр, - деді Әділ Оралбаев.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес Қазақстанда көру қабілеті бұзылған 160 мың адам тұрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда 85 мың зағип адам, 4000-нан астам көзі нашар көретін балалар, олардың 350-ге жуығы зағип балалар.