5 Қазан 2026, 20:39 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстан интернет-нарықтың дайындығы жағынан Орталық Азияда көш бастады

Қазақстан Internet Society деректері бойынша интернет-нарықтың дайындығы жағынан Орталық Азияда көш бастады.

Қазақстандағы интернет Орталық Азияның басқа елдеріне қарағанда тұрақтырақ, ал интернет-нарықтың дайындығы бойынша ел өңірде бірінші орында тұр. Бұл туралы Internet Society халықаралық ұйымы Интернеттің тұрақтылық индексінде баға берген.

Қазақстан 100 балдың ішінде 62 балл жинады. Ұйым өкілдері мұның Азия үшін жоғары нәтиже екенін атап өтеді. Орталық Азия бойынша орташа балл — 55, ал Азия бойынша — 57. 2026 жылдың қаңтар айындағы деректер негізінде есептелген 179 ел мен аумақтың жалпы әлемдік көрсеткіші 56 балды құрайды.

Қазақстан барлық төрт бағыт бойынша Азияның орташа көрсеткіштерінен озып тұр. Әлемдік деңгеймен салыстырғандағы көрініс мынадай:

  • Нарық дайындығы: әлемдік орташа 51 балға қарсы 59 балл.

  • Желі жұмысының сапасы: 60 балға қарсы 71 балл.

  • Қауіпсіздік: 61 балға қарсы 66 балл.

  • Инфрақұрылым: әлемдік көрсеткішпен бірдей — 51 балл.

Қазақстанның күшті жақтары

Нарықтың дайындығы бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр. Бұл блок бәсекелестіктің қаншалықты дамығанын және нарықтың пайдаланушыларға қолжетімді баға ұсына алатынын көрсетеді. Бұл бағытта Қазақстанның көрсеткіші — 59 балл (өңірдегі орташа көрсеткіш 52 балл).

Блок ішіндегі ең жоғары баға алған көрсеткіштер:

  • Интернеттің бағасы бойынша қолжетімділігі: 84 балл.

  • Нарықтағы бәсекелестік: 82 балл.

  • Елдің жаһандық желіге қосылатын провайдерлерінің әртүрлілігі: 81 балл.

  • Электрондық үкімет: БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша 91 балл.

Қалған блоктар да өңірлік орташа көрсеткіштерден жоғары. Желі жұмысының сапасы бойынша Қазақстанда 63 балға қарсы 71 балл. Ookla тесттерінің деректері бойынша тіркелген интернеттің тұрақтылығы мен жауап беру жылдамдығы (ping) әрқайсысы 95 балдан бағаланды, жүктеу жылдамдығы (download) 73 балл, ал деректерді жіберу жылдамдығы (upload) 78 балл болды.

Қауіпсіздік бойынша ел өңірдегі орташа 60 балмен салыстырғанда 66 балл жинады. Бұл блоктағы ең жақсы нәтижелер мыналар:

  • .kz ұлттық доменін DNSSEC технологиясымен қорғау: 100 балл, бұл ең жоғары баға.

  • Халықаралық электр байланысы одағының жаһандық киберқауіпсіздік индексі: 94 балл.

  • Сайттардың қорғалған HTTPS протоколы арқылы жүктелу үлесі: 87 балл.

Инфрақұрылым бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы орташа 44 балға қарсы 51 балл жинап, Азияда 21-орынға ие болды. 2G, 3G және 4G мобильді байланыспен қамту деңгейі 84 балға бағаланды.

Бұл қандай индекс?

Интернеттің тұрақтылық индексі интернет сүйенетін негізгі элементтерді қадағалайды және елдерді, аймақтар мен өңірлерді өзара салыстыруға мүмкіндік береді. Әрбір ел төрт бағыт (инфрақұрылым, нарықтың дайындығы, желі жұмысының сапасы және қауіпсіздік) бойынша 100 балдық шкаламен баға алады. Көрсеткіштер салмақталған, сондықтан олардың біреуінің өсуі немесе төмендеуі басқа елдердің нәтижелері ескеріле отырып есептеледі.

Internet Society ұйымы істен шығулар, трафиктің күрт өсуі, күдікті белсенділік пен кездейсоқ өшірулер кезінде қолайлы сапаны сақтай алатын қосылымды тұрақты деп есептейді.

Бұл индекс Африкадағы интернеттің тұрақтылығын өлшеу жобасынан бастау алған. Оны Еурокомиссияның Біріккен зерттеу орталығының стандарттары мен ОЭСР-дің жиынтық индикаторлар жөніндегі әдістемелік нұсқаулығы негізінде құрастырады. Дәл осындай әдістемемен GSMA мобильді байланыс индексі, Economist Intelligence Unit ұйымының инклюзивті интернет индексі және World Wide Web Foundation қорының Web Index көрсеткіштері есептеледі. Индекс деректері ашық, оларды ұйымдағы API арқылы алуға болады.