Қазақстан ХАМАС террористік ұйымын мойындай ма?
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Израиль мен Палестина арасындағы жағдайға байланысты Қазақстанның ұстанымын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрлікте өткен баспасөз мәслихатында Айбек Смадияров Қазақстан Израиль мен Палестина арасында шиеленіскен мәселені бейбіт жолмен шешуді жақтайтынын мәлім етті.
Бейбіт тұрғындардың құрбан болуына әкеп соқтырған Палестина-Израиль қақтығысының шиеленісуі жағдайында біз тараптарды жағдайды бейбіт жолмен шешудің саяси құралдарын іздеуге және екі мемлекет арасында ғана емес, жалпы Таяу Шығыста да жағдайдың одан әрі өршуіне әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеуге шақырамыз, – деді СІМ-нің ресми өкілі.
БАҚ өкілі Смадияровқа «Қазақстан ХАМАС-ты террористік ұйым деп тани ма?» деп сұрақ қойды.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, бұл мәселені Бас прокуратура шешуі керек.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Израильде қанша қазақстандық бар екенін хабардар етті.
Бұдан бөлек Смадияров Израильде зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат жоқ екенін айтып өтті.
Еске салсақ, аймақтағы қарулы қақтығыс ХАМАС қозғалысының Израиль аумағын зымыран атқылауынан соң басталған еді.
Соңғы мәлімет бойынша қаза болған палестиналық саны 370-ге жетті. Оның 20-ға жуығы бала. Газа секторына израильдік әуе шабуылдарынан кейін, 2 мыңға жуық адам түрлі жарақат алды. Ал Израильде кем дегенде 700 адам қаза тапты.