5 Қараша 2026, 16:15 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстан Еуразияның авиациялық хабына айналуды көздейді: Қандай әуежайлар салынады?

Қазақстанда үш жаңа әуежай салынып жатыр, жұмыс істеп тұрған әуе айлақтарын жаңғыртуға дайындық жүргізілуде және халықаралық транзитті кеңейту жоспарлануда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің географиялық артықшылығын әлі де толық көлемде пайдаланбай отырғанына назар аударды. Жобалар аясында жақын жылдары қандай әуежайлар пайда болады, оларды ашу мерзімі неліктен өзгерді және бұл қазақстандықтарға не береді? BAQ.KZ тілшісі саралап көрді.

«Орасан зор кірістер елімізді айналып өтіп жатыр»

Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы әуе бағыттарының тоғысқан жерінде орналасқан. Күн сайын оның әуе кеңістігі арқылы халықаралық рейстер өтеді. Дегенмен, бұл тиімді орналасу елімізге әуе транзитінен түсетін барлық табысты тиісті деңгейде жеткізіп жатқан жоқ.

Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында арнайы тоқталды.

«Еуропа мен Азияның арасын жалғайтын негізгі әуе дәліздері еліміздің аумағы арқылы өтеді. Бұл – біздің бәсекеге қабілетімізді арттыра алатын басымдығымыз. Алайда, осы артықшылығымыз әзірге қағаз бетіндегі әсерлі есеп күйінде ғана қалып отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Президент халықаралық әуе компанияларын тарту үшін жерүсті инфрақұрылымын дамыту, әуе кемелеріне қызмет көрсету және жүк тасымалы үшін тиісті жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ ол өңірлік әуежайларды дамытуға ерекше назар аударды. Қазіргі уақытта Қазақстанда көлік қолжетімділігін жақсартуға, туризм мен бизнеске қосымша мүмкіндіктер ашуға бағытталған бірнеше ірі жоба қатар іске асырылуда.

Жаңа әуежайлар қай жерде салынып жатыр?

Шығыс Қазақстан облысында бірден екі әуежай салынуда – Зайсан мен Катонқарағайда.

Бұл аудандар өзінің табиғатымен, көлдерімен және таулы пейзаждарымен танымал, алайда бүгінде ол жерлерге жету оңай емес. Жаңа әуе айлақтары жолға кететін уақытты қысқартып, туристер ағынын арттыруы тиіс.

Үшінші әуежай Каспий теңізінің жағалауындағы Кендірлі курорттық аймағында пайда болады. Оның құрылысы Маңғыстау облысында жағажай туризмін дамыту жоспарларымен байланысты.

Жеке жобалардың бірі Қостанай облысының Арқалық қаласында аяқталды. 2026 жылдың тамызында бұл жерде 30 жылдан астам үзілістен кейін әуе қатынасы қайта қалпына келтірілді.

Астана – Арқалық бағыты бойынша алғашқы рейс 22 тамызда өтті. Сондай-ақ Арқалық, Алматы және Қостанай қалалары арасында тұрақты ұшулар қарастырылған.

Дегенмен, қалған үш әуежайдың ашылу мерзімі өзгерді.

Алғашында оларды 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған еді. Енді Үкімет жаңа мерзімді атады – 2027 жылдың мамыр айы.

Бұл туралы 3 қарашада Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин хабарлады.

Осылайша, жолаушыларға жаңа әуежайлар рейстерді қабылдай бастағанша тағы бірнеше ай күтуге тура келеді.

Астананың жаңа әуежайы және 2029 жылға дейінгі жаңғырту

Президент Жолдауынан кейін Көлік министрлігі әуе инфрақұрылымын одан әрі жаңарту жоспарын ұсынды.

31 қазанда Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен әкімдіктер мен әуежай өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Қатысушылар ұшу-қону жолақтарының құрылысын, терминалдарды жаңартуды және жобаларды іске асыру мерзімдерін талқылады.

Ең ірі жобалардың бірі Астанада жаңа әуежай салу болады. Жұмысты 2027 жылдың маусымында халықаралық серіктесті тарта отырып бастау жоспарлануда.

Бұдан бөлек, 2029 жылға дейін елде үш жаңа ұшу-қону жолағын салу қарастырылған – Астана, Шымкент және Ақтөбе қалаларында.

Тағы төрт жолақ Алматы, Жезқазған, Тараз және Орал қалаларында қайта жаңартылады.

Жаңарту жұмыстары жолаушылар терминалдарына да қатысты болады. Құрылыс пен қайта жаңарту келесі жеті әуежайда жоспарланған:

  • Ақтөбе;

  • Атырау;

  • Өскемен;

  • Жезқазған;

  • Семей;

  • Павлодар;

  • Үржар.

Бұл жұмыстар әуежайлардың өткізу қабілетін арттыруға, жолаушыларға арналған жағдайды жақсартуға және жаңа рейстерді ашуға мүмкіндік беруге тиіс.

Сонымен қатар жоспарлардың орындалуына енді Көлік министрлігінің жаңа басшылығы жауапты.

3 қарашада Нұрлан Сауранбаев министр лауазымынан босатылды. Оның орнына Премьер-министрдің орынбасары лауазымын қоса атқаратын Әсел Жанасова тағайындалды.

Дәл осы жаңа басшылық ірі авиациялық жобаларды іске асыруды жалғастыруы және жарияланған мерзімдердің сақталуын қамтамасыз етуі керек.

Бір жылда 32 миллионға жуық жолаушы

Әуежайларды жаңғырту жоспарлары жолаушылар ағынының өсуімен қатар жүріп жатыр.

Көлік министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан әуежайлары 31,8 миллион жолаушыға қызмет көрсеткен.

Салыстыру үшін айтсақ, 2023 жылы бұл көрсеткіш шамамен 25,9 миллион адамды құраған еді. Осылайша, екі жыл ішінде жолаушылар ағыны шамамен 23%-ға өсті.

Ұшу географиясы да кеңейіп келеді. Қазақстан 30-дан астам елмен тікелей рейстер арқылы байланысқан.

Дегенмен, авиация саласының алдында бұдан да ауқымды міндет тұр – транзиттік жолаушылар мен халықаралық жүктердің қосымша ағынын тарту.

Бұл үшін жүк терминалдарын, ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуді, отын инфрақұрылымын және логистикалық кызметтерді дамыту қажет.

Өйткені авиациялық хабтың табысы тек жолаушылар тасымалынан ғана құралмайды. Халықаралық әуе компаниялары әуе кемелеріне қызмет көрсету, жүктерді өңдеу және басқа да әуежайлық қызметтер үшін де төлейді.

Осы бағыттарды дамыту Қазақстанға қосымша табыс әкеліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Қазақстандықтар үшін не өзгереді?

Жаңа әуежайлардың құрылысы ең алдымен өңірлердің көлік қолжетімділігін жақсартуы тиіс.

Шеткері аудандардың тұрғындары ірі қалаларға тезірек жете алады, туристер жаңа бағыттарды ашады, ал жергілікті кәсіпкерлер көбірек клиент тарта алады.

Дегенмен, әуежайдың пайда болуының өзі әлі арзан әрі қолжетімді ұшуларға толық кепілдік бермейді.

Көп нәрсе әуе компанияларының қызығушылығына, рейстердің жиілігіне, жолаушылар сұранысы мен билеттердің бағасына байланысты болады.

Таяу жылдары Қазақстан бірнеше ірі авиациялық жобаны аяқтауы тиіс. Алғашқы үш жаңа өңірлік әуежайды 2027 жылдың мамырында ашу жоспарланған, ал инфрақұрылымды жаңғырту 2029 жылға дейін жалғасады.

Қазақстан Еуразияның басты авиациялық орталықтарының біріне айналып, халықаралық транзиттен түсетін табысты арттыра ала ма? Жауап жарияланған жоспарлардың қаншалықты сәтті іске асатынына байланысты болады.