Қазақстан экономикасының өсімі 5%-дан жоғары болады – Жұманғарин
2027–2029 жылдары Қазақстан экономикасының нақты орташа жылдық өсімі 5%-дан жоғары болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңартылған болжам бойынша 2027 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,4%-ды құрайды.
«Халықаралық ұйымдар мен жаһандық инвестициялық банктер 2027 жылға арналған мұнай бағасы бойынша болжамдарын төмендетті. Консенсус-болжам мұнайдың бір баррелі үшін 70,3 долларға дейін төмендеді. Осыны ескере отырып, базалық сценарийде мұнай бағасы барреліне 70 АҚШ доллары деңгейінде алынды», – деді Серік Жұманғарин.
Оның сөзінше, сыртқы сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастырып келеді.
«Базалық сценарийге сәйкес, 2027–2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсімі 5%-дан жоғары деңгейде болжанып отыр. Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі. Экономикалық өсім мұнайдан тыс секторлардағы өндірістің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етіледі. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінен жоғары болады», – деді вице-премьер.
Өңдеу өнеркәсібінің дамуына металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі және тамақ өнімдерін өндіру салалары негізгі үлес қоспақ.
Экономиканың негізгі драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болады. Саланың орташа жылдық өсімі кемінде 5% деңгейінде болжанып отыр.
«Құрылыс саласындағы өсім 2027 жылғы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін жеделдейді. Бұған көлік-логистика, энергетика және су инфрақұрылымын дамыту жобаларын жоспарлы іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту ықпал етеді. Қызмет көрсету саласында да тұрақты серпін сақталады. Сауда орта есеппен жылына 5,7%-ға, көлік және қоймалау саласы 10,4%-ға, ақпарат және байланыс саласы 9,2%-ға өседі», – деді Ұлттық экономика министрі.
Еске салайық, бұған дейін Үкімет отырысында 2029 жылға қарай Ұлттық қорда қанша қаржы болатыны айтылды.