2029 жылға қарай Ұлттық қорда қанша қаржы болады? – Үкімет жауабы 

 ©BAQ.KZ коллажы 25 Тамыз 2026, 10:27
25 Тамыз 2026, 10:27
158
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

2029 жылға қарай Ұлттық қордың валюталық активтері 70,6 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаяды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Үкімет отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды.

Серік Жұманғариннің айтуынша, алдағы үш жылда Ұлттық қордағы жинақ көлемінің өсуі болжанып отыр.

«Базалық сценарий бойынша Ұлттық қорға түсетін қаражаттың жалпы көлемі 2027 жылы 5,1 трлн теңге, 2028 жылы 5,5 трлн теңге, ал 2029 жылы 5,7 трлн теңге болады деп болжануда. Ұлттық қорға таза түсімдер 2027 жылы 0,5 трлн теңгені, 2028 жылы 1,4 трлн теңгені және 2029 жылы 2 трлн теңгені», – деді министр.

Болжамға сәйкес, Ұлттық қордың валюталық активтері 2027 жылғы 65,2 млрд АҚШ долларынан 2029 жылы 70,6 млрд АҚШ долларына дейін өседі.

Сондай-ақ алдағы үш жылда елдің оң сауда балансы сақталады. Тауарлар экспорты 2027 жылғы 82,8 млрд АҚШ долларынан 2029 жылы 88,5 млрд долларға дейін ұлғаяды. Осы кезеңде импорт көлемі 80,5 млрд доллардан 88,4 млрд долларға дейін өседі деп күтіледі.

Инфляцияның болжамды дәлізі 2027 жылы 7,5–9,5%, ал 2028–2029 жылдары 6–8% деңгейінде белгіленген.

Макроэкономикалық болжам негізінде республикалық бюджеттің кірістері 2027 жылы 19,9 трлн теңгені, 2028 жылы 21,7 трлн теңгені, 2029 жылы 23,4 трлн теңгеге жетпек. 

Бюджет ережесіне сәйкес Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт көлемі 2027–2028 жылдары жыл сайын 2 трлн 430 млрд теңге, ал 2029 жылы 2 трлн теңге мөлшерінде айқындалған.

Еске салайық, бұған дейін Бектенов бюджет қаржысын сапалы жоспарлауды тапсырды.

Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин маңызды жобаларға Ұлттық қордан 5 трлн теңге бағытталатынын айтты. 

Наверх