Қазақстан экономикасын алдағы үш жылда не күтіп тұр?
ЕАДБ Ұлттық банк 2026 жылдың екінші жартысында базалық ставканы біртіндеп төмендетеді деп болжап отыр.
Еуразиялық даму банкі 2026 жылы Қазақстан экономикасы 5,5%-ға өседі деп болжап отыр. Жыл соңында инфляция 9,7%-ға дейін баяулап, базалық ставка шамамен 16%-ға төмендеуі мүмкін. Ал доллардың жылдық орташа бағамы 490 теңге деңгейінде қалыптасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық болжамында айтылған.
«Қазақстан экономикасының өсімі 2026-2028 жылдары шамамен 5,5% деңгейінде сақталады деп болжап отырмыз. Бұл мұнай-газ секторындағы жағдайдың қалыпқа келуін және шикізаттық емес салалардың жоғары қарқынының сақталуын көздейді», – делінген құжатта.
ЕАДБ бағалауынша, 2026 жылы экономиканың негізгі тірегі өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік, сауда және инфрақұрылымдық жобалар болады. Мұнай бағасының 2025 жылмен салыстырғанда жоғары болуы да экспорттық және бюджеттік түсімдерді қолдамақ.
Мұнай өндірісінің төмендеуі өсімді тежеді
2026 жылдың алғашқы айларында Қазақстан экономикасына тау-кен өндіру өнеркәсібінің, әсіресе мұнай-газ саласының әлсіз көрсеткіштері кері әсер етті.
Қаңтар-сәуір айларында мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 28,3 млн тоннаны құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштің 86,2%-ына тең.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, мұнай-газ саласындағы өндірістің төмендеуі Каспий құбыр консорциумындағы жағдаймен және Теңіз кен орнындағы жұмыстармен байланысты.
Соған қарамастан, шикізаттық емес салалар экономикалық белсенділікті сақтап қалды. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында құрылыс саласы 14,5%-ға, көлік және қоймалау қызметтері 12%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,9%-ға, сауда 5,1%-ға артты.
Банк сарапшылары мұнай-газ секторындағы жағдай қалыпқа келген сайын экономикалық өсім қарқыны да күшейеді деп есептейді.
2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өскен. ЕАДБ 2026, 2027 және 2028 жылдары өсім 5,5% деңгейінде болады деп болжап отыр.
200-ге жуық жоба іске қосылады
ЕАДБ болжамында мемлекеттің өнеркәсіптік саясаты өңдеу секторындағы өсімді қолдайтыны айтылған.
Қазақстан Үкіметі 2026 жылы жалпы құны шамамен 1,7 трлн теңге болатын 200-ге жуық инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Соның нәтижесінде 19,1 мың тұрақты жұмыс орны құрылуы тиіс.
Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы және бұрын басталған өндірістердің толық қуатына шығуы өңдеу өнеркәсібіндегі жоғары өсімді сақтауға мүмкіндік береді.
Ұлттық инфрақұрылымдық жоспардың жүзеге асырылуы құрылыс және көлік салаларына да қосымша серпін бермек.
«Көлік, энергетика, телекоммуникация және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы инфрақұрылымдық жобалардың жалғасуы инвестициялық белсенділікті ынталандырады», – деп атап өткен банк сарапшылары.
Мұнайдың орташа бағасы 82 доллар болады
ЕАДБ мұнай секторын Қазақстан экономикасының маңызды өсу факторларының бірі ретінде қарастырады.
Банктің базалық сценарийі бойынша, Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 2026 жылы барреліне шамамен 82 долларды құрайды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 69 доллар болған.
2026 жылдың сәуірінде Brent мұнайының орташа бағасы барреліне 120,4 долларға дейін көтерілді. ЕАДБ екінші тоқсандағы күрт өсімнен кейін мұнай бағасы біртіндеп төмендегенімен, 2025 жылғы орташа деңгейден жоғары болып қалады деп күтеді.
Мұнай бағасының жоғары болуы Қазақстанның экспорттық түсімдерін, бюджет кірістерін және мұнай саласымен байланысты кәсіпорындардың белсенділігін қолдамақ.
Инфляция 9,7%-ға дейін төмендейді
Қазақстандағы инфляциялық қысым біртіндеп әлсіреп келе жатқанымен, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.
2026 жылдың сәуірінде жылдық инфляция наурыздағы 11%-дан 10,6%-ға дейін төмендеді. Бір айдағы баға өсімі 0,8%-ды құрады.
Азық-түлік тауарлары бір жылда 11,3%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,7%-ға қымбаттады. Ақылы қызметтердің бағасы 8,9%-ға өсті.
«2026 жылдың соңында инфляция 9,7%-ға дейін төмендейді деп болжап отырмыз. 2025 жылдың соңындағы 12,3%-бен салыстырғанда, бұл инфляцияның төмендеу траекториясына өткенін білдіреді», – делінген ЕАДБ болжамында.
Инфляцияның баяулауына қатаң ақша-кредит саясаты, теңгенің салыстырмалы түрде нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы және реттелетін бағаларды тежеу шаралары ықпал етеді.
Банк болжамынша, 2027 жылы инфляция 6,2%-ға, ал 2028 жылы Ұлттық банктің мақсатына жақын 5%-ға дейін төмендеуі мүмкін.
Алайда әлемдік нарықтағы азық-түлік, тыңайтқыш және логистикалық қызметтер бағасының өсуі инфляцияның жылдам баяулауына кедергі келтіруі ықтимал.
Халықтың инфляциялық күтулері де жоғары болып отыр. 2026 жылдың сәуірінде алдағы бір жылға қатысты инфляциялық күтулер наурыздағы 14,6%-дан 12,4%-ға төмендеді. Дегенмен бұл 2017–2020 жылдардағы 10,9%-дық орташа көрсеткіштен жоғары.
Базалық ставка жыл соңында 16%-ға түсуі мүмкін
ЕАДБ Ұлттық банк 2026 жылдың екінші жартысында базалық ставканы біртіндеп төмендетеді деп болжап отыр.
Жыл соңында ставка шамамен 16%-ды құрауы мүмкін. Ал 2026 жылдағы орташа базалық ставка 17,3% деңгейінде болады.
«Инфляция мен инфляциялық күтулер тұрақты түрде төмендеген жағдайда, 2026 жылдың екінші жартысында базалық ставканың төмендеуін болжап отырмыз», – деп жазылған құжатта.
Инфляциялық қысым сақталса, Ұлттық банк қатаң ақша-кредит саясатын ұзақ уақыт жалғастыруы мүмкін.
ЕАДБ бағалауынша, орташа базалық ставка 2027 жылы 12,7%-ға, 2028 жылы 9,1%-ға дейін төмендейді.
Ставканың төмендеуі қарыз алу жағдайларын біртіндеп жеңілдетіп, инвестициялық және іскерлік белсенділікті қолдауы тиіс.
Сонымен бірге Қазақстанда кепілсіз тұтынушылық кредит беру қарқыны баяулаған. 2026 жылдың наурызына қарай соңғы 12 айда берілген жаңа кепілсіз тұтынушылық кредиттердің өсімі 1,7%-ға дейін төмендеді. Бұл тұтынушылық сұраныстан туындайтын инфляциялық қысымды азайтуы мүмкін.
Доллардың орташа бағамы 490 теңге болады
ЕАДБ болжамынша, 2026 жылы доллардың жылдық орташа бағамы 490 теңге шамасында қалыптасады. Ал жыл соңында бір доллар 500 теңгеге жуықтауы мүмкін.
Теңгені жоғары базалық ставка, мұнай бағасы және шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына қызығушылығы қолдап отыр.
2026 жылдың басынан бері бейрезиденттердің Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына салған қаражаты 21%-ға артқан. Теңгемен шығарылған құралдардың жоғары табыстылығы ұлттық валютаға деген сұранысты күшейтті.
Қазақстан қор биржасындағы шетел валютасымен жасалған сауда көлемі қаңтар-сәуір айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,3%-ға көбейді.
«Жоғары базалық ставка, мұнай бағасы және бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға салған инвестициясы теңге бағамына қолдау көрсетеді. 2026 жылы доллардың орташа бағамы 490 теңге болады деп болжап отырмыз», – делінген есепте.
2027-2028 жылдары теңге біртіндеп әлсіреуі мүмкін. ЕАДБ доллардың орташа бағамын 2027 жылы 505 теңге, 2028 жылы 525 теңге деңгейінде болжап отыр.
Бұған мұнай бағасының 2026 жылдың бірінші жартысындағы жоғары деңгейден төмендеуі, ақша-кредит саясатының жұмсаруы және экономика өскен сайын импортқа сұраныстың артуы әсер етеді.
Банк мұны теңгенің күрт құнсыздануы емес, сыртқы және ішкі экономикалық жағдайлардың қалыпқа келуі деп бағалайды.
Сауда балансы оң көрсеткішті сақтады
2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан бюджетінің кірістері де өсті.
Қаңтар-наурыз айларында трансферттерді есептемегендегі мемлекеттік бюджет кірістері 6,4 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 17%-ға көп.
Республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 102%-ға, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 94,3%-ға орындалды.
Сыртқы саудада да оң сальдо сақталды. Қаңтар-наурыз айларында Қазақстанның тауар экспорты 18 млрд долларды құрап, бір жылда 9,4%-ға өсті.
Импорт көлемі 11,8%-ға артып, 14,9 млрд долларға жетті. Нәтижесінде сауда балансының профициті шамамен 3,1 млрд долларды құрады.
ЕАДБ сауда профицитінің сақталуы 2026 жылдың қалған бөлігінде Қазақстанға түсетін валюталық кірістерге қолдау көрсетеді деп есептейді.
Экономикаға қандай қауіп бар?
ЕАДБ Қазақстан экономикасының болжамына әсер етуі мүмкін негізгі тәуекелдерді де атады.
Олардың қатарында әлемдік сұраныстың әлсіреуі, сауда шектеулерінің кеңеюі және Қазақстанның негізгі сауда серіктестеріндегі экономикалық өсімнің баяулауы бар.
Мұнай бағасының айтарлықтай төмендеуі экспорттық түсімдер мен бюджет кірістерін азайтып, экономикалық өсімді тежей алады.
Азық-түлік, тыңайтқыш және халықаралық тасымал қызметтерінің одан әрі қымбаттауы да инфляциялық қысымды күшейтуі ықтимал.
Мұндай жағдайда инфляция болжанғаннан баяу төмендеп, Ұлттық банк қатаң ақша-кредит саясатын ұзағырақ сақтауға мәжбүр болады.
Жалпы, ЕАДБ Қазақстан экономикасы 2026-2028 жылдары жыл сайын 5,5% өседі деп болжап отыр. Экономикалық белсенділіктің негізгі драйверлері шикізаттық емес салалар, инфрақұрылымдық жобалар, өңдеу өнеркәсібі және мұнай экспортынан түсетін кірістер болмақ.