Қазақстан экономикасы 2030-ға дейін қалай өседі: Үкімет пен халықаралық ұйымдар болжамы қандай?
Қазақстан экономикасы кейінгі бес жылда тұрақты өсім көрсетіп, 2025 жылы соңғы жылдардағы ең жоғары қарқынның біріне шықты.
Қазақстан экономикасы кейінгі бес жылда тұрақты өсім көрсетіп, 2025 жылы соңғы жылдардағы ең жоғары қарқынның біріне шықты. Дегенмен 2026 жылы өсім баяулады. Үкімет алдағы үш жылда экономиканы қайтадан жылына 5%-дан жоғары қарқынмен өсіруді жоспарлап отыр. Ал халықаралық қаржы ұйымдарының болжамы біршама сақ. BAQ.KZ тілшісі Қазақстанның 2021 жылдан бергі экономикалық көрсеткіштерін және алдағы жылдары қай салалар өсімнің негізгі драйверіне айналуы мүмкін екенін саралады.
Экономика бес жылда қалай өсті?
Ұлттық статистика бюросының қорытынды деректері бойынша, 2021 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі нақты мәнде 4,3%-ға өсті. Бұл пандемиядан кейінгі экономиканың қалпына келу кезеңі еді. 2022 жылы өсім 3,2%-ға дейін баяулады. Сол жылы Қазақстанның ЖІӨ көлемі 103,8 трлн теңгені немесе шамамен 225,3 млрд долларға жеткен еді.
2023 жылы экономика қайта қарқын алып, 5,1%-ға өсті. Бұл кезеңде көлік және қоймалау саласы 17%, құрылыс 15,1%, ақпарат және байланыс 8,5% өсім көрсеткен. Ал 2024 жылдың нақтыланған қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 5% болды. Экономиканың номиналды көлемі 136,7 трлн теңгеге, Ұлттық банктің орташа жылдық бағамымен есептегенде 291,2 млрд долларға жетті. Құрылыс 15,3%, ауыл шаруашылығы 13,7%, көлік және қоймалау 9,4%, өңдеу өнеркәсібі 6,8% өсті. Ал 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5%-ға ұлғайды. Нақтыланған дерек бойынша ЖІӨ көлемі 159,6 трлн теңгеге немесе шамамен 306 млрд долларға жетті. Ең жоғары өсім көлік және қоймалау саласында – 19,4%, құрылыста – 17,5%, саудада – 8,1%, өнеркәсіпте – 7,7% тіркелді.
Осылайша, кейінгі жылдардағы нақты ЖІӨ өсімі мынадай болды:
2021 жылы – 4,3%;
2022 жылы – 3,2%;
2023 жылы – 5,1%;
2024 жылы – 5,0%;
2025 жылы – 6,5%;
2026 жылдың I жартыжылдығы – 4,1%.
2026 жылы өсім неге баяулады?
2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанның ЖІӨ көлемі 70,9 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты мәнде 4,1%-ға өсті. Бұл – Ұлттық статистика бюросы 7 қыркүйекте жариялаған ең жаңа ЖІӨ дерегі. Бір ерекшелігі – биылғы өсімге мұнайдан тыс секторлардың үлесі артып келеді.
Бірінші жартыжылдықта құрылыс көлемі 15,2%, өңдеу өнеркәсібі 9,8%, көлік және қоймалау 7,1%, сауда 5,7%, ауыл шаруашылығы 4,4% өсті. ЖІӨ өсіміне ең көп үлесті өңдеу өнеркәсібі – 1,25 пайыздық тармақ, сауда – 0,93 пайыздық тармақ және құрылыс – 0,79 пайыздық тармақ қосты. Бұл Қазақстан экономикасының өсім құрылымында мұнайдан тыс секторлардың рөлі күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Үкімет 2029 жылға дейін қандай өсім күтеді?
Үкімет 2026 жылғы 25 тамызда 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мақұлдады.
Базалық сценарий бойынша Қазақстанның нақты ЖІӨ-сі:
2027 жылы – 5,3%;
2028 жылы – 5,5%;
2029 жылы – 5,4% өседі.
Номиналды ЖІӨ 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп болжанып отыр. Сонымен қатар Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында бұдан да жоғары стратегиялық меже белгіленген. Құжатта 2029 жылға қарай экономиканың номиналды көлемін 450 млрд долларға жеткізу көзделген. Ұлттық жоспардағы бастапқы нысаналы индикатор бойынша 2029 жылғы нақты экономикалық өсім 6,7% болуға тиіс.
Бұл жерде екі көрсеткіштің айырмасын ескеру қажет
450 млрд доллар – мемлекеттің стратегиялық мақсаты. Ал Үкіметтің 2026 жылы жаңартқан 2027-2029 жылдарға арналған макроэкономикалық болжамы – қазіргі сыртқы және ішкі жағдайды ескерген базалық сценарий. Сондықтан 2029 жылы экономика міндетті түрде 450 млрд долларға жетеді деп кесіп айтуға болмайды. Доллармен есептелетін номиналды ЖІӨ-ге нақты экономикалық өсіммен қатар баға деңгейі мен теңгенің айырбас бағамы да әсер етеді.
Халықаралық ұйымдар Қазақстанға қандай болжам жасап отыр?
Үкіметтің болжамымен салыстырғанда халықаралық ұйымдардың бағасы сақ. Халықаралық валюта қорының 2026 жылғы шілдеде жаңартылған World Economic Outlook болжамы бойынша Қазақстанның экономикасы биыл 4,6%, 2027 жылы 4,4% өседі.
IMF сарапшылары мұнай өндіру көлемінің тұрақтануы, халыққа берілетін несие өсімінің баяулауы және бюджет саясатының қатаюы экономикалық белсенділікті тежейтін факторлардың қатарына жататынын атап өткен. Қор сонымен бірге қызмет көрсету, көлік, құрылыс және өңдеу өнеркәсібінің жоғары көрсеткіштері мұнай өндірісіндегі төмендеудің бір бөлігін өтеп отырғанын айтады.
Азия даму банкі де 2025 жылғы жоғары өсімнің алдағы жылдары баяулайтынын болжайды. ADB бағалауынша, Қазақстанның ЖІӨ-сі 2026 жылы 4,8%, 2027 жылы 4,5% өседі. Банк бұған мұнай өндірісінің шекті өндірістік қуатқа жақындауы мен жеке сұраныстың әлсіреуін себеп ретінде көрсетеді. Мемлекеттік инвестициялар мен квазифискалдық қолдау экономиканың өсуіне ықпал етуді жалғастырады.
Дүниежүзілік банк те 2026 жылы Қазақстан экономикасының өсімін 4,6% деңгейінде болжайды. Банктің бағалауынша, мұнай өндірісі тұрақтанғаннан кейін экономикалық өсім біртіндеп баяулап, 2028 жылға қарай ел экономикасының әлеуетті өсімі шамамен 3,5% деңгейіне жақындауы мүмкін. Демек Үкімет пен халықаралық ұйымдардың болжамдары арасында айырмашылық бар. Қазақстан билігі 2027-2029 жылдары 5%-дан жоғары өсімді ұстап тұруға болады деп есептесе, халықаралық ұйымдар орта мерзімде 4% айналасындағы немесе одан да төмен өсімге жақындау қаупін көріп отыр.
Қай салалар экономиканы алға сүйрейді?
Үкіметтің болжамына сәйкес, алдағы үш жылдағы басты өзгерістердің бірі – өңдеу өнеркәсібінің тау-кен секторынан жылдамырақ өсуі. 2027–2029 жылдары өңдеу өнеркәсібінің орташа жылдық өсімі 5,9%, тау-кен өндірісінің өсімі шамамен 2% болады деп күтіледі. Өңдеу өнеркәсібінде металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары, химия және азық-түлік өндірісі негізгі драйверлер ретінде қарастырылып отыр.
Бірінші бағыт – құрылыс және инфрақұрылым
Үкімет құрылыс саласындағы өсімді 2027 жылғы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін жеткізуді жоспарлайды. Мұндай қарқын көлік-логистика, энергетика, су, тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым жобаларының есебінен қалыптаспақ. 2026 жылдың бірінші жартысында құрылыстың 15,2% өсуі бұл бағыттың қазірдің өзінде экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналғанын көрсетеді.
Екінші бағыт – көлік және логистика
2027-2029 жылдары көлік және қоймалау қызметтерінің орташа жылдық өсімі 10,4% болады деп болжанған. Бұл салаға халықаралық институттар да ерекше назар аударып отыр. Дүниежүзілік банктің Қазақстанмен 2026–2031 жылдарға арналған жаңа әріптестік бағдарламасында елдің Транскаспий халықаралық көлік бағыты – Орта дәліздегі рөлін күшейту басымдықтардың бірі ретінде көрсетілген. 2026 жылы Дүниежүзілік банк Қазақстандағы теміржол байланысын дамыту жобасына 846 млн доллар кепілдік беріп, 1,41 млрд доллар көлеміндегі ұзақ мерзімді коммерциялық қаржы тартуға мүмкіндік жасады. Жоба Орта дәліздегі жүк тасымалын арттыруға бағытталған.
Үшінші бағыт – өңдеу өнеркәсібі
2026 жылдың алғашқы алты айында өңдеу өнеркәсібінің 9,8% өсуі бұл сектордың экономикалық өсімдегі рөлінің күшейгенін көрсетті.
Бұған қоса, жылдың алғашқы төрт айында машина жасау 23,3%, фармацевтика 35,2%, құрылыс материалдары өндірісі 27,7%, химия өнеркәсібі 18,4%, азық-түлік өндірісі 14,4% өскен. Яғни шикізатты тек экспорттаудан гөрі ел ішінде өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндіру алдағы кезеңдегі маңызды бағыттардың біріне айналмақ.
Төртінші бағыт – цифрлық экономика
Үкімет ақпарат және байланыс саласының 2027–2029 жылдардағы орташа жылдық өсімін 9,2% деңгейінде болжап отыр. Дүниежүзілік банк те цифрлық байланысты кеңейту мен жеке сектордың инновациялық әлеуетін Қазақстан экономикасын әртараптандырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырады.
Бесінші бағыт – ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірісі
Үкімет ауыл шаруашылығындағы жылдық өсімді кемінде 5% деңгейінде күтеді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу, азық-түлік өндірісі және экспорттық агроөнеркәсіп өнімдері экономиканың жаңа өсу нүктелерінің біріне айналуы ықтимал.
Қазақстан қандай экономикалық модельге бет алып барады?
Ұлттық экономика министрлігі ұсынған жаңа тәсіл «проактивті экономикалық саясат» деп аталады. Оның мәні – мемлекеттің бизнесті тек қолдап қана қоймай, жаңа салалар мен ірі жобаларды қалыптастыруға белсенді қатысуы. Үкімет 2029 жылға дейін ЖІӨ-ні 450 млрд долларға жеткізу үшін экономикадағы инвестиция көлемін айтарлықтай көбейтуді көздейді.
Ал халықаралық институттардың ұсынысы сәл өзгеше
Дүниежүзілік банк Қазақстанның табиғи ресурстарға тәуелді және мемлекет үлесі жоғары экономикалық модельден әртараптандырылған, бәсекеге қабілетті және жеке секторға сүйенетін экономикаға көшуі қажет екенін атап көрсетеді. Оның 2026-2031 жылдарға арналған стратегиясында жеке капиталды тарту, көлік және цифрлық байланысты дамыту, энергетиканы әртараптандыру және бизнестің өнімділігін арттыру негізгі міндеттердің қатарына енгізілген.
Еске салайық, бұған дейін SarapSoz сұхбатында экономист Айбар Олжай да Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің алдағы жылдары қанша пайызға өсетінін болжаған еді.