Қазақстан бюджетінің 44,4 млрд теңгесі үнемделді
Бюджет шығыстарын қайта қарау нәтижесінде 44,4 млрд теңге оңтайландырылып, тағы 3,1 млрд теңгені үнемдеу мүмкіндігі анықталды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаржы вице-министрінің айтуынша, бюджет қалыптастыру кезінде ең қажетті шығыстар мен жобаларды іріктеуге басымдық берілген.
Қажеттіліктер әрқашан бюджет мүмкіндіктерінен асып түседі. Сондықтан да біздің міндетіміз – қолда бар қаражатты бөлу ғана емес, шын мәнінде қажетті шығыстар мен жобаларды іріктеп алу. Бұл – әкімшілермен бірлесіп атқарылған ауқымды жұмыс: барлық ұсыныстар жан-жақты қаралып, олардың ішінен ең қажеттілері іріктелді, – деді Абзал Бейсенбекұлы.
2027 жылға мемлекеттік органдар бастапқыда 36,9 трлн теңге көлемінде шығыс мәлімдеген. Ұсыныстар толық пысықталғаннан кейін 30,2 трлн теңгесі қолдау тапқан.
2027 жылға мемлекеттік органдар бастапқыда 36,9 трлн теңге мәлімдеген болатын. Толық пысықтаудан кейін 30,2 трлн теңге қолдау тапты, – деді вице-министр.
Бюджетке енгізілмеген шығыстардың 5,1 трлн теңгесі негізсіз мәлімделген.
Оның ішінде, 5,1 трлн теңге негізсіз мәлімделген шығыстар. Олар бойынша қажетті нормативтік құқықтық актілер, әдістемелер, тарифтер және растайтын құжаттар жоқ, нысаналы индикаторларға қол жеткізуге ықпал ету, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландыру қажеттілігі негізделмеген, – деді ол.
Қалған 1,3 трлн теңге даму жоспарларындағы мақсаттарға қол жеткізу үшін қажет болғанымен, бюджет мүмкіндіктеріне байланысты жоспарлы кезеңде қаржыландырылмайды.
Қалған 1,3 трлн теңге – бұл даму жоспарларының мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті шығыстар. Алайда, бюджеттің қолда бар мүмкіндіктерін ескере отырып, оларды жоспарлы кезеңде қаржыландыру мүмкін емес, – деді Абзал Бейсенбекұлы.
Қаржы вице-министрі Бюджет кодексінің басты қағидаты қаражатты тиімді басқаруға және нәтижеге көшу екенін айтты.
Бюджет кодексінің басты қағидаты – қаражатты жай ғана есепке алудан, оны тиімді басқаруға және нәтижелікке көшу. Инвестициялық жобалар енді мемлекеттік органдардың инвестициялық жоспарлары арқылы жоспарлануда. Бұл қаражатты шұғыл шешуді қажет ететін жерге бірінші кезекте бағыттауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Бюджет шығыстары қалай үнемделді?
Вице-министр шығыстарды оңтайландыру үшін бюджеттік шолу құралы тұрақты түрде қолданылатынын жеткізді.
Бюджеттік шолулар қолданыстағы шығыстарды тұрақты түрде қайта қарап, үнемдеу мүмкіндіктерін анықтауға және бюджет қаражатын тиімдірек пайдалануға бірінші кезекте мүмкіндік береді. Сонымен қатар, міндетті шолулармен қатар, тақырыптық бюджеттік шолулар жүргізу тәжірибесі енгізілуде, – деді Абзал Бейсенбекұлы.
Биыл жүргізілген бюджеттік шолулар жаңа бюджетті қалыптастыру кезінде шамамен 3,1 млрд теңгені үнемдеу мүмкіндігін анықтаған.
Атап айтқанда, талдамалық және әлеуметтанулық зерттеулерге, сондай-ақ сенімгерлік басқаруға берілген ақпараттық жүйелерді сүйемелдеуге жұмсалатын шығыстар қайта қаралды, – деді Қаржы вице-министрі.
Сонымен бірге шартсыз базалық шығыстарға жеке талдау жүргізілген.
Басымдығы төмен шығыстарды қысқарту және қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау нәтижесінде 44,4 млрд теңге оңтайландырылды, – деді ол.
Абзал Бейсенбекұлының сөзінше, бюджетті қалыптастыру кезінде шығыстарды жоспарлау тәсілдері де өзгертілген.
Осылайша, бюджетті қалыптастыру кезінде шығыстарды жоспарлау әдістері өзгертілді: алдымен ең маңызды жобаларды іріктеп, қолданыстағы шығыстарды қайта қараймыз және ішкі резервтерді анықтаймыз. Одан кейін, мүмкіндік болған жағдайда, балама қаржыландыру көздерін пысықтаймыз, – деді вице-министр.
Ол бюджет қаражатын нақты басымдықтарға бағыттап, одан нәтиже алу басты міндет екенін атап өтті.
Біздің міндетіміз – бюджетті белгіленген көлемде қалыптастыру ғана емес. Ең бастысы – қолда бар қаражатты нақты басымдықтарға бағыттап, одан нақты нәтиже алу, – деді Абзал Бейсенбекұлы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан Халық кеңесін құру үшін бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінеді.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанның Ұлттық қорындағы ақша 2029 жылы қанша млрдқа жетеді?
Келесі жылы республикалық бюджет кірісі 19,9 трлн теңгеге жетпек