9 Қараша 2026, 15:50 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстан азаматтарына Шенген визасын алу тәртібі жеңілдетілуі мүмкін

Қазақстан мен Еуропалық одақ азаматтарға Шенген визасын алу талаптарын жеңілдету жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді.

Министрлік өкілінің айтуынша, тараптар келіссөздерді аяқтау мерзімін әзірге нақты белгілемеген.

Қазір нақты мерзімді айта алмаймын. Бірақ жақын уақытта оң нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін, – деді Жанболат Үсенов.

Жанболат Үсенов Қазақстанның басқа мемлекеттермен де визалық талаптарды жеңілдету мәселесін көтеріп жүргенін айтты. Негізгі мақсат – визасыз режим енгізу. Ал оған дейін визалық алымды азайту, визаның қолданылу мерзімін ұзарту және өтініш беруге қажетті құжаттар санын қысқарту көзделген.

Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ресми келіссөздер 2025 жылғы 2 желтоқсанда Брюссельде басталды. Қазір тараптар визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы екі келісім әзірлеп жатыр. Реадмиссия келісімі басқа елде заңсыз жүрген азаматтарды өз еліне қайтару тәртібін реттейді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен ЕО визаны жеңілдету мәселесін талқылап жатқаны туралы жаздық.