Бүгiн 2026, 13:09 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан әйелдері тұңғыш баласын 25 жаста босанады

Жастар орта есеппен 25 жаста бірінші рет ата-ана атанады.

Қазақстанда жастардың демографиялық мінез-құлқы өзгеріп келеді. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жанындағы Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының басшысы Аяулым Сағынбаева «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстан жастары – 2026» ұлттық баяндамасы жобасының мазмұндық бөлігін талқылауға арналған сараптамалық кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда алғашқы баланы дүниеге әкелудің орташа жасы 25,3 жасқа жетті. Туу көрсеткішінің негізгі үлесі 25-29 жас аралығына тиесілі, – деді демограф.

Сарапшының сөзінше, 30-34 жас аралығындағы туу жағдайларының да үлесі артып келеді.

Жастар алдымен білім алып, кәсіби тұрғыдан қалыптасуға ұмтылады. Бұл бала сүю жасын кейінге шегеру үрдісін қалыптастырып отыр, – деп атап өтті Аяулым Сағынбаева.

Оның пікірінше, урбанизация мен өмір сүру құнының артуы да бұл өзгерістерге ықпал етеді.

Ірі қалаларда тұрғын үй бағасының жоғары болуы және мансаптық бәсекенің күшеюі жастардың отбасын кеш құруына әсер етеді, – деді сарайпшы.

Айта кетейік, Қазақстанда жастар саны 6,2 млн-ға жетуі мүмкін екені белгілі болды.