Бүгiн 2026, 15:18 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстан әлемдік орнықты даму рейтингінде бірнеше сатыға көтерілді

Қазақстан әлемдік орнықты даму рейтингіндегі позициясын нығайтты.

2026 жылғы Орнықты даму жөніндегі есепке (Sustainable Development Report) сәйкес, еліміз Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу индексі бойынша 169 мемлекеттің ішінде 67-орынға тұрақтады. Өткен жылмен салыстырғанда Қазақстан 3 сатыға жоғарылады. 2025 жылы еліміз 167 мемлекеттің арасында 70-орында болған еді.

Жаңа рейтингте Қазақстан G20-ға мүше бірқатар елдерді, соның ішінде Индонезия, Мексика, Түркия, Үндістан және Сауд Арабиясын артқа тастады.

Негізгі жетістіктердің бірі – 6-шы ОДМ «Таза су және санитария» бағыты бойынша ілгерілеушілік болды. Халықтың негізгі сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігі 95,4%-дан 97,8%-ға дейін өсті. Сондай-ақ тұщы су алу көлемі азайып, импортталатын тауарлар өндірісінде су ресурстарын пайдалану көрсеткіші төмендеді.

Басқа да бағыттар бойынша, атап айтқанда, әлеуметтік саланы дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, инновацияларды қолдау және халықтың тұрмыс деңгейін арттыру бойынша да оң серпін байқалады.

Бұдан бөлек, Қазақстан ОДМ-ны мемлекеттік саясатқа енгізу жөніндегі SDSN сарапшылық сауалнамасына енген Орталық Азиядағы жалғыз ел атанды.

Жалпы алғанда, рейтингтегі позицияның жақсаруы жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың тиімділігін және елді орнықты дамыту жолындағы ауқымды жұмыстарды көрсетеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастады