Қазақстан ағылшын тілін меңгеру рейтингінде сегіз сатыға көтерілді
Қазақстан бір жылда әлемдік рейтингте сегіз сатыға жоғарылады. Елімізде ағылшын тілін қай өңірдің тұрғындары жақсы меңгерген?
Қазақстан ағылшын тілін меңгеру деңгейі бойынша әлемдік рейтингтегі позициясын айтарлықтай жақсартты. EF English Proficiency Index жаһандық индексінде еліміз бір жыл ішінде 107-орыннан 99-орынға көтеріліп, көршілес Өзбекстаннан озып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Халықаралық EF Education First білім беру компаниясының жаңа деректеріне сәйкес, Қазақстан 424 балл жинаған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 417 балл болған. Ал былтыр рейтингте 104-орында тұрған Өзбекстан биыл 101-сатыға жайғасты.
Қазақстандықтар ағылшын тілін меңгерудің ішінде оқу дағдысы бойынша үздік нәтиже көрсетті. Бұл бағытта еліміз 450 балл жинаған. Сондай-ақ жазу және ауызша сөйлеу дағдылары жоғары бағаланды. Аталған көрсеткіштер бойынша Қазақстан тиісінше 438 және 437 балл иеленді.
Өңірлер арасында Шығыс Қазақстан облысы 455 баллмен көш бастады. Одан кейін Павлодар облысы (452 балл) мен Қостанай облысы (445 балл) орналасқан. Үздік бестікті Батыс Қазақстан (443 балл) және Ақмола облыстары (442 балл) түйіндеді.
Қалалар арасында Алматы (467 балл) мен Астана (464 балл) көш бастап тұр. Үздік үштікке 443 балл жинаған Ақтөбе қаласы да енді. Одан кейінгі орындарға Павлодар (442 балл) мен Талдықорған (440 балл) жайғасты.
Кәсіптер бойынша ағылшын тілін ең жақсы меңгергендер – мұғалімдер. Олардың көрсеткіші 472 балды құрады. Екінші орында 460 балл жинаған IT мамандары тұр.
Айта кетейік, EF English Proficiency Index (EF EPI) рейтингі әлемнің түкпір-түкпіріндегі ересектер тапсыратын EF Standard English Test онлайн-тестінің нәтижелері негізінде жасалады.
Еске салсақ, Қазақстан интернетті пайдаланушылар үлесі бойынша халықаралық рейтингте жоғары көрсеткішке қол жеткізді. 2025 жылы ел тұрғындарының 93,4 пайызы интернетті пайдаланған. Бұл нәтиже бойынша Қазақстан Қытай, Жапония, Бразилия және Үндістан сияқты бірқатар ірі мемлекеттен алда тұр.
Тағы оқи отырыңыз: Астана Дубай мен Сингапурмен бір қатарда: Елорда әлемдік қаржы орталықтарының ондығына енді
Қазақстан жасанды интеллект саясатында Германия, Франция мен Жапониядан озып кетті