Қазақстан өз АЭС-терін уранмен қамтамасыз ете ала ма?
Қазақстанның өз атом энергетикасын дамытуы АЭС салумен ғана шектелмейді. Енді станцияларды ұзақ мерзім бойы ядролық отынмен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті болып отыр. Қазір «Қазатомөнеркәсіп» өндіретін уран бар өнімдердің барлығы, соның ішінде табиғи уран да ішкі сұраныстың болмауына байланысты экспортқа шығарылады. Алайда атом электр станциялары іске қосылғаннан кейін жағдай өзгереді. Бұдан бөлек, Атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясында жаңа атом электр қуаттарын өндіру нысандары үшін 150 мың тонна уран резервке қою көзделген. BAQ.KZ тілшісі Қазақстанда ядролық отын циклі тізбегінің қандай буындары барын, елдің Ресей компанияларымен қай бағыттарда ынтымақтасатынын және АЭС салынғаннан кейін бұл әріптестіктің қалай дамуы мүмкін екенін анықтады.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран, оның қосылыстары, сирек металдар, сондай-ақ атом электр станцияларына арналған ядролық отын импорты мен экспорты жөніндегі ұлттық операторы.
Компания құрылымына табиғи уран өндіретін кәсіпорындар, байытылған уран өнімдерін өңдейтін және «Үлбі металлургия зауыты» АҚ базасында ядролық отын компоненттерін шығаратын өндіріс орындары кіреді.
Отын тізбегінің тағы бір буыны – 2021 жылы пайдалануға берілген Қазақстан мен Қытайдың бірлескен «Үлба-ТВС» ЖШС зауыты. Кәсіпорын Францияның Framatome компаниясының технологиясы бойынша Қытай атом электр станцияларына арналған жылу бөлетін жинақтар шығарады.
Ал болашақта Қазақстанда салынатын АЭС-терге ядролық отын жеткізушіні таңдау «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС құзыретіне жатады.
Қазақстан Республикасының аумағында уранды конверсиялау мен байытуды қоспағанда, ядролық отын цикліне қатысты барлық дерлік технологиялық кезеңдер бар. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі атом саласын дамыту стратегиясына сәйкес, қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік беретін жетіспейтін буындарды қалыптастыру көзделген. Атап айтқанда, уранды конверсиялау мен байыту өндірістерін елде орналастыру мүмкіндігіне қатысты техникалық-экономикалық және құқықтық зерттеулер жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар Қазақстанда салу жоспарланып отырған реакторларға арналған ядролық отын компоненттерін, яғни жылу бөлетін элементтер мен жинақтарды өндіруді жергіліктендіру қарастырылған, – деп мәлімдеді «Қазатомөнеркәсіп».
Ресеймен қандай бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр?
Қазақстан мен Ресей компанияларының уран саласындағы ынтымақтастығы қазірдің өзінде бірнеше ірі кен өндіру жобасын қамтиды.
«Ақбастау» БК» АҚ-ның 50 пайызы «Қазатомөнеркәсіпке», қалған 50 пайызы «Ураниум Уан Груп» АҚ-ға тиесілі. «Қаратау» ЖШС-де де осындай үлестік құрылым қалыптасқан: екі тараптың әрқайсысы кәсіпорынның 50 пайызына иелік етеді.
«Оңтүстік тау-кен химиялық компаниясы» БК» ЖШС-дегі «Қазатомөнеркәсіптің» үлесі – 30 пайыз, ал «Ураниум Уан Груп» АҚ-ның үлесі – 70 пайыз.
«Буденовское» БК» ЖШС-де «Қазатомөнеркәсіптің» үлесі 51 пайызды құрайды. Қалған 49 пайызы Ресей тарапымен байланысты «СГХК» ЖШС-ға тиесілі.
Уранды байыту кезеңінде де ынтымақтастық бар. Ресей аумағында «Қазатомөнеркәсіп» «Уран байыту орталығы» АҚ мен «Уран байыту халықаралық орталығы» АҚ капиталына қатысады.
Осы кәсіпорындар арқылы компания уранды байыту қызметтерін пайдалана алады. Бұл қызметтер өз атом энергетикасына қажетті отын өндіруге де мүмкіндік береді.
Қазақстан уран саласында тағы қай елдермен ынтымақтасады?
Қазақстанның халықаралық әріптестігі Ресей компанияларымен ғана шектелмейді. Ел Қытай, Жапония және басқа мемлекеттермен де бірлескен жобаларды дамытып келеді.
Қытай компаниялары Қазақстандағы бірнеше уран өндіруші кәсіпорынның жұмысына қатысады. Олардың қатарында «Орталық», «Семізбай-U» және басқа да жобалар бар.
Жапония компанияларымен де бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, «АППАК» уран өндіру кәсіпорнында «Қазатомөнеркәсіппен» бірге жапониялық Sumitomo және Kansai Electric компаниялары жұмыс істейді. Қазақстан Жапонияның атом энергетикасына қажетті уран шикізатын да жеткізеді.
BAQ.KZ «Қазатомөнеркәсіптен» Ресейлік серіктестермен Қазақстандағы уран кен орындарын игеру бойынша жаңа жобалар талқыланып жатқан-жатпағанын немесе қолданыстағы бірлескен кәсіпорындардың қызмет мерзімін ұзарту мәселесі қарастырылып жатқанын сұрады. Сондай-ақ мұндай келіссөздердің болашақта ядролық отынға сұраныстың артуымен байланысы бар-жоғы туралы сауал жолдады.
Ресейлік реактор мен қазақстандық кен орындары – екі бөлек мәселе
Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушевтің пікірінше, елде атом энергетикасын дамыту Ресей компанияларымен, ең алдымен, уранды байыту, ядролық отын өндіру, сервистік қызмет көрсету және мамандар даярлау бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейтуі мүмкін.
Хайрушевтің айтуынша, 2026 жылғы қыркүйекте «Қазақстандық атом электр станциялары» мен «Атомстройэкспорт» Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойған. Сарапшының сөзінше, әңгіме жалпы қуаты 2 400 МВт болатын екі энергоблоктан тұратын станция туралы болып отыр.
Сонымен қатар Хайрушев АЭС салу мәселесі мен Ресей компанияларының Қазақстандағы уран өндіруге қатысуын бір-бірінен бөлек қарастыру қажет деп есептейді.
АЭС-ті Ресей технологиясы бойынша салу Қазақстан өз уранын өндірудегі ресейлік компаниялардың үлесін автоматты түрде арттыруы керек дегенді білдірмейді. Реактор технологиясын таңдауды уран кен орындарына қол жеткізу мәселесімен байланыстыру экономикалық тұрғыдан дұрыс емес деп санаймын. Уран кен орындары – Қазақстанның дербес стратегиялық активі. Ал ядролық отын циклі – бөлек мәселе. Егер алғашқы станция ресейлік ВВЭР-1200 реакторы негізінде салынса, бастапқы кезеңде Ресейдің отын өндіру тізбегімен тығыз ынтымақтастық орнауы заңды, – деді энергетик.
Оның пікірінше, Қазақстан дайын отын сатып алумен ғана шектелмей, технологиялық өндіріс кезеңдерінің бір бөлігін біртіндеп ел ішінде орналастыруға ұмтылуы керек.
Ураннан дайын жылу бөлетін жинаққа дейін
Қазақстанда өндірісті жергіліктендіруге қажетті өнеркәсіптік база қазірдің өзінде бар.
Хайрушевтің айтуынша, Үлбі металлургия зауыты ондаған жылдан бері уран ұнтақтары мен отын таблеткаларын өндіреді.
Ал «Үлбі-ТВС» ЖШС Framatome технологиясы бойынша Қытайдың атом электр станцияларына арналған толыққанды жылу бөлетін жинақтарды шығарады. Сарапшының мәліметінше, зауыттың жобалық қуаты жылына төмен байытылған ураннан жасалған 200 тонна жылу бөлетін жинақ өндіруге жетеді.
Кәсіпорын AFA 3G үлгісіндегі жинақтарды шығаруға сертификатталған. 2022-2025 жылдар аралығында Қытайға жылу бөлетін жинақтардың 16 партиясын жеткізген.
Біз нақты бір сұраққа жауап іздеуіміз керек: неге Қазақстандағы АЭС-ке арналған уран бүкіл технологиялық циклден шетелде өтіп, кейін дайын отын түрінде елімізге қайта оралуы керек? Өз атом энергетикамызды дамыту ядролық отын циклі кезеңдерінің мүмкіндігінше көп бөлігін Қазақстан ішінде қалыптастыруға жол ашуы тиіс. Бұл уран ұнтақтары мен таблеткаларын, жылу бөлетін жинақтардың компоненттерін өндіруді, ал болашақта еліміздегі АЭС-терде жұмыс істейтін реакторларға арналған отынды жергіліктендіруді қамтуы мүмкін. Ал белгілі бір кезеңде уранды байыту қызметін шетелден алу мүмкіндігін сақтауға болады, – деп есептейді Хайрушев.
«Росатоммен» ынтымақтастықты кеңейту не береді?
Сарапшы Қазақстанның атом энергетикасы дамыған сайын «Росатоммен» ынтымақтастық ауқымы да кеңеюі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Алайда оның пікірінше, мұндай әріптестіктің нәтижесі тәуелділіктің артуы емес, технологиялардың берілуі, өндірісті жергіліктендіру, өз инженерлерімізді даярлау, қазақстандық жеткізушілер тізбегін қалыптастыру және ұлттық қосылған құнды біртіндеп арттыру болуы керек.
«Росатоммен» ынтымақтастық шынымен де кеңеюі мүмкін. Бірақ оның дұрыс нәтижесі тәуелділіктің артуы емес, керісінше, технологияларды беру, өндірісті жергіліктендіру, өз инженерлерімізді даярлау, қазақстандық жеткізушілер тізбегін құру және ұлттық қосылған құнды біртіндеп арттыру болуы тиіс. Әлемдік уранның шамамен 40 пайызын өндіретін әрі өз АЭС-терін салуға кіріскен ел үшін табиғи уран жеткізушісі болып қана қалу тым аз рөл болар еді, – деді ол.
Неге өз уранымыздың болуы жеткіліксіз?
Хайрушевтің айтуынша, Қазақстанның жеке шикізат қоры болуы – үлкен артықшылық. Алайда бұл өздігінен технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етпейді.
Табиғи уран өндірілгеннен кейін бірнеше кезеңнен өтеді. Оны конверсиялау, байыту, отын таблеткаларын, жылу бөлетін элементтер мен жинақтарды өндіру қажет. Бұл технологиялар мен өндірістік қуаттардың бір бөлігі санаулы компаниялар мен мемлекеттердің қолында шоғырланған.
2025 жылы Қазақстан аумағында орналасқан кәсіпорындар әлемдік уран өндірісінің шамамен 39 пайызын қамтамасыз етті. Бұл – елдің ұзақ мерзімді шикізатпен қамтамасыз етілуіне, экспорттық кірісіне және, ең бастысы, өз атом энергетикасын дамыту кезінде келіссөздер жүргізудегі мықты ұстанымына негіз болатын орасан зор ресурс. Алайда атом энергетикасының ерекшелігі көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларынан әлдеқайда күрделі. Көмір энергетикасында өз отыныңның болуы энергетикалық қауіпсіздік мәселесін едәуір шешеді. Ал табиғи уранды алдымен конверсиялау, байыту, отын таблеткаларын, жылу бөлетін элементтер мен жинақтарды өндіру қажет. Оның үстіне, соңғы өнім нақты реактордың түріне қарай әзірленеді, – деп түсіндірді сарапшы.
Хайрушевтің пікірінше, Қазақстанды енді тек уран шикізатын экспорттаушы ел ретінде қарастыруға болмайды. Уран өндіруден бөлек, елде Үлбі металлургия зауыты жұмыс істейді, уран отыны өндіріліп, жылу бөлетін жинақтар шығарылады.
Энергетиктің айтуынша, бұл жағдай технологиялық серіктестермен өндірісті жергіліктендіру, технологиялар трансфері, мамандар даярлау және қазақстандық кәсіпорындарды өндірістік тізбекке тарту мәселелерін көтеруге мүмкіндік береді.
Қазақстанға уран байытатын өз өндірісі қажет пе?
Хайрушевтің пікірінше, ядролық отын цикліне кіретін барлық кезеңді ел ішінде ұйымдастыру міндетті мақсатқа айналмауы керек.
Мәселен, уран байытатын жеке өндіріс салу экономикалық тұрғыдан бөлек негіздеуді талап етеді.
Сарапшының айтуынша, іс жүзінде бірде-бір ел ядролық отын цикліне қатысты барлық өндірісті тек өз аумағында ғана ұйымдастырмайды. Ең маңыздысы – ұлттық бақылауда болуы тиіс негізгі технологиялық құзыреттерді айқындау және уран өндірілгеннен кейінгі барлық кезеңде бір ғана сыртқы жеткізушіге тәуелді болып қалмау.
Біз ядролық отын цикліне қатысты барлық өндірісті қандай жағдай болса да ел ішінде құруға міндетті емеспіз. Мысалы, уран байытатын өндіріс салу үшін оның экономикалық тиімділігін мұқият негіздеу қажет. Бірақ Қазақстан өз уранын өндіріп алып, одан кейінгі барлық кезеңде бір ғана сыртқы жеткізушіге толық тәуелді болып қалмауы керек. Уран өндіруден бастап дайын отын шығаруға дейінгі технологиялық кезеңдердің неғұрлым көбі ел ішінде жүзеге асса, өз атом энергетикамыздан түсетін нақты қосылған құн да соғұрлым жоғары болады, – деп атап өтті Хайрушев.
Қазақстанның АЭС-теріне қанша уран қажет болады?
Болашақта Қазақстанда салынатын атом электр станцияларына жыл сайын қанша табиғи уран қажет болатынын әзірге нақты айту мүмкін емес.
«Қазатомөнеркәсіп» мәліметінше, есептеулер энергоблоктардың саны мен қуатына, отын науқанының құрылымына, жылу бөлетін жинақтағы уранның байытылу деңгейіне, сондай-ақ уранды байыту параметрлеріне, соның ішінде ЕРР көрсеткіші мен қалдық уранның құрамына байланысты.
Анықтамалық көрсеткіш ретінде «Қазатомөнеркәсіп» Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың дерегін келтіреді. Оған сәйкес, қуаты 1 ГВт болатын бір реактор жылына орта есеппен 200 тоннаға жуық табиғи уран тұтынады.
Дегенмен бұл көрсеткішті болашақ қазақстандық АЭС-ке тікелей қолдануға болмайды. Нақты қажеттілік энергоблоктардың сипаттамалары мен отын науқанының параметрлеріне байланысты болады.
Атом энергетикасы үшін 150 мың тонна уран резервке қойылады
Қазір «Қазатомөнеркәсіп» өндіретін уран бар өнімдердің барлығы, соның ішінде табиғи уран да Қазақстаннан тыс жерлерге экспортталады. Өйткені әзірге ішкі сұраныс жоқ.
Еліміздегі АЭС-тер іске қосылғаннан кейін ішкі қажеттілік те пайда болады.
Қазақстанның атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясына сәйкес, атом электр қуатын өндіретін жаңа нысандарды іске қосу жобалары үшін 2050 жылға қарай 150 мың тонна уранды резервке қою көзделген.
«Қазатомөнеркәсіп» түсіндіргендей, бұл көлем отандық атом энергетикасын ұзақ мерзім бойы кепілді әрі тұрақты отынмен қамтамасыз етуге арналған.
Қазақстанда уран өндіретін кәсіпорындар, ядролық отынның жекелеген компоненттері мен жылу бөлетін жинақтар шығаратын өндіріс орындары бар. Сонымен қатар бірлескен құрылымдар арқылы уранды байыту қызметтерін пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Ал болашақ АЭС-терге отын жеткізушіні таңдау, «Росатоммен» ықтимал ынтымақтастық және отынмен қамтамасыз ету құрылымы жөніндегі шешімдерді уәкілетті ұйымдар қабылдайды.
Жақып Хайрушевтің пікірінше, Қазақстанның мол шикізат қоры серіктестер алдына бұдан да ауқымды міндеттер қоюға мүмкіндік береді. Олардың қатарында өндірісті жергіліктендіру, технологияларды беру және ұлттық құзыреттерді дамыту бар. Сарапшы болашақта Қазақстан табиғи уран өндіруден бөлек, АЭС-терге арналған компоненттер мен отын шығаратын халықаралық орталықтардың біріне айнала алады деп есептейді.
Еске салсақ, Қазақстанда алғашқы АЭС салу туралы келісімге қол қойылды.
Тағы оқи отырыңыз: Әлемде АЭС құрылысы қарқын алды: Қазақстан технология таңдағанда нені ескеруі керек?