Қазақша сөйлеп, тойға барғанды ұнататын қазақтың күйеу баласы
1 наурыз – Алғыс айту күні. Атаулы күнге орай қазақ жерінде тұратын өзге ұлты өкілімен әңгімелестік. Бүгінгі кейіпкеріміз - Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ Мемлекеттік сатып алулар бөлімінің басшысы Ибрагимов Эльдар Байрам-Оғлы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Көп ұлтты қазақ елі 2016 жылдан бастап «Алғыс айту күнін» атап өтуді дәстүрге айналдырған. Осы бір айтулы мереке қарсаңында Эльдар Байрам-Оғлы өзіңізді әңгімеге тартуды жөн көрдік. Сіздің ата-бабаңыз Қазақ жеріне қалай келді? Жалпы ата-бабаңыз қандай кәсіппен айналысқан? Қазақстанның қай өңірінде туып өстіңіз?
- Менің ата-анам 1963 жылы тың игеру жұмыстарына қатысты комсомолдық жолдамен қазақ жеріне қоңыс аударады. Мен қарапайым отбасында туып өстім. Отбасымыз бұрынғы Целиноград облысына (қазіргі Ақмола облысына) қоңыс теуіп, әкем ұзақ жылдар бойы түзеу мекемесінде жұмыс істесе, анам нан зауытында мастер болды. Бала жастан әзербайжан, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын бойыма сіңіріп өстім. Ата-анам алғаш қоңыс аударған жылы қазақ халқынан қолдау тауып, отбасымыздың елге сіңісіп кетуіне ықпалы зор болды. Көршілермен тату-тәтті тұрып, бір үйдің баласындай бірге өстік. Содан да шығар қазақ тілін бала жастан біліп өстім. Тілді маған бірге өскен достарым мен көршілерім үйретті деп айта аламын.
Қазақ тілі - өте бай, сөздік қоры мол тілдердің бірі. Сол себепті күні бүгінге дейін тілдік білімімді жетілдіріп жүрмін. Жұмыс орнымда аптасына 2 рет қазақ тілінен дәріс аламын. Біздің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында тіл мәселесі дұрыс жолға қойылған. Орталыққа келушілерге әлеуметтік қызметтер екі тілде көрсетіледі. Астана қаласының барлық ауданында қызмет алушылар қазақ тілі курстарына қатыса алады.
- Бүгінде елімізде әзербайжан ұлтының өсіп-өніп, мәдениеті мен дәстүрін дамытуға қандай жағдай жасалған? Қазақстан халқы Ассамблеясымен байланыс ұстайсыз ба?
- Қазақ халқы мен Әзербайжан елі бауырлас, көршілес ел болғасын Қазақстанда әзербайжан халқының мәдениеті мен тілін дамытуға барлық жағдай жасалған деп айта аламын. Мен «Хазар» этномәдени бірлестігінің белді мүшесі болғандықтан Ассамблеямен тығыз байланыстамын. Уақыттың ыңғайына қарай мемлекеттік және ұлттық мерекелер қарсаңында Ассамблеяға барып, іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысамын. Жастар тәрбиесін ұйымдастыру жұмыстарына араласып жүремін. Әзербайжан халқының мәдениеті мен дәстүрін насихаттайтын игі шараларды өткізіп тұрамыз.
- Естуімше, сіз қазақтың күйеу баласы екенсіз... Үйлеріңізде қай ұлттың тілінде сөйлейсіздер? Қандай дәстүрді ұстанасыздар? Балаларыңыз өз ана тілін біле ме?
- Иә, тағдырдың жазуымен 23 жасымда қазақ қызына үйлендім. Келіншегімнің есімі - Гүлнәр. Менің ата-анам қазақ қызын келін қылып алып келгенде оны бірден жақсы қабылдады. Өйткені қазақ қыздары бойындағы ізеттілік, кішіпейілдік, адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленеді. Мәлика есімді қыз тәрбиелеп жатырмыз, бүгінде журналистика факультетінің студенті. Үйімізде әзербайжан, қазақ ұлтының мәдениетін қатар ұстаймыз.
Сонымен қатар жалпы ортақ құндылықтарды да ұстанамыз. Қызымыз әзербайжан, қазақ, орыс тілдерін қатар меңгерген көпмәдениетті адам болып өсіп келеді. Білімін жан-жақты шыңдап, әзербайжан тілі мен әдебиетін терең меңгеріп жатыр. Мереке күндері қазақша ет асып, әзербайжандардың хинкал, долма ұлттық тағамын да пісіреміз. Өзімді осы жерде бөтен адамдай сезінбеймін. Қазақстанды – өз Отаным деп санаймын.
- Қазақ халқының қандай жақсы қасиеттерін бойыңызға сіңірдіңіз?
- Діні бір, тілі ұқсас қазақ халқынан үйренгенім көп. Олардың бауырмалдылығы мен қонақжайлылығы ерекше ұнайды. Бауырлас халық болған соң қазақ халқына тән қасиеттер бізде де бар. Сонымен қатар туыстық қарым-қатынас барысында қайын жұртымнан үйренгенім көп, ол – көпшіл болу, ағайындық, құда күту, үлкенге құрмет, соғым сою және т.б.
Сосын қазақ әндерін тыңдағанды ұнатамын. Әсіресе, той әндері мен заманауи әндер ұнайды. Қазақ музыкасының көркемдігі арқылы қазақтардың жаны мен жүрегін көруге болады. Қазақтар сияқты тойға барғанды ұнатамын.
- Өзіңіздің тіліңіз бен мәдениетіңізді сақтап қалып, балаларыңызға үйрету үшін қандай жағдай жасап жатырсыз? Тарихи Отаныңызда болдыңыз ба?
- Кейінгі ұрпаққа әзербайжан тілі мен салт-дәстүрін үйрету, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда «Хазар» этномәдени орталығының жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бүгінде әзербайжан жастары этномәдени орталыққа келіп, тіл үйренеді.
Астана қаласындағы Достық үйінде апта сайын қазақ және әзербайжан тілдері үйретіледі. Әзербайжан халқының тарихы мен мәдениетімен етене танысу үшін отбасымды тарихи Отаным – Әзербайжан Республикасына апарып тұрамын. Гянджа қаласындағы ағайындармен туыстық қарым-қатынасты сақтап қалу үшін мүмкіндігінше жиі баруға тырысамын.
- Осы бір мереке қарсаңында барша отандастарға айтар жүрек жарды лебізіңіз?
- Алғыс айту күні – Қазақстан халқының ынтымағы-бірлігін айғақтайтын ерекше күн. Барша, отандастарымды 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күнді ризашылық пен мейірімнің, бейбітшілік пен келісімнің үйлесім тапқан айтулы күні есептеймін. Көктемнің алғашқы шуағымен бірге келген Алғыс айту күні мерекесі құтты болсын! Елімізден ырыс-ынтымақ кетпесін! Ортақ үйіміз – Қазақстан көркейе берсін! Отбасыларыңызға амандық, сүйіспеншілік пен бақыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
- Эльдар Байрам-Оғлы, әңгімеңізге рақмет! Мереке құтты болсын! Еңбегіңізге жеміс тілеймін.