Қазақ тілінің жанашырлары мемлекеттік тіл мәселесін жан-жақты талқылады
Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының астаналық филиалы ұйымдастыруымен қазақ тілі мен мәдениеті I форумы өтті.
Форумда мемлекеттік тілдің халықаралық қатынас саласындағы орны мен рөлі, тіл мәдениетінің қалыптасуы, қазақ тілінің ғылым тілі ретінде дамуы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты өзге де ұсыныс-пікір айтылып, «Қазақ тілі» қоғамының жобалары таныстырылды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, БҒМ тіл саясаты комитеті, «Алтын қыран» компаниялар тобы, Президенттің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының қолдауымен өткен жиынға Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, тіл жанашырлары қатысты.
Форумда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы халықаралық қатынастағы қазақ тілінің өрісін кеңейту мәселесін айрықша көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Дипломаттарымыз шет тілдерін ғана емес, алдымен мемлекеттік тілді білуі керек» деген сөзін алға тартқан ол мемлекеттік тілдің қолданысы бойынша енгізілген өзгерістерге тоқталды.
Жиында «Қазақ тілі» қоғамының 5 жобасы таныстырылды. Республикада қазақ тілін үйренушілерге арналған «Sözwar» сөйлесу клубы» жобасы туралы қоғамның вице-президенті Максим Рожин әңгімеледі. Астаналық филиалдың «Körneki» жобасы еліміздегі көрнекі жазулардың мемлекеттік тілде қатесіз жазылуына бағытталып отыр.
«QAZAQ GRAMMAR» қазақ мектебі жобасы туралы техникалық ғылымдар магистрі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Оңтүстік Калифорния Университеті түлегі Айгүл Сағымбай айтып берді.
Жобаның ерекшелігі - мектеп қызметінен түскен табыс мемлекеттік тілді дамыту жобаларына жұмсалатын болады. «QAZAQ GRAMMAR» мектебі орта білім беру жүйесіндегі бірегей жоба болмақ, - деді жобаны таныстырған Айгүл Сағымбай.
«Сөйле, тілім!» жобасы еліміздің өзге ұлтты азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеруіне көмектеседі. «Алтын ұрпақ/Golden Generation» қазақ және ағылшын тіліндегі халықаралық топтық кіріктірілген пән олимпиадасы жобасы туралы астаналық гимназиясы директор орынбасары Ажар Қабденқызы айтып берді. Басқосуда сонымен қатар, «Салауатты ұрпақ» мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге арналған дамытушы ойындар жобасы да егжей-тегжейлі таныстырылды.
Қоғам мүшелері форумда сондай-ақ, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді сөз етті. Мәселен, «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, М.Нәрікбаев атындағы гуманитарлық заң университеті басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозова онлайн кітап саудасында қазақ тіліндегі кітаптардың аздығы мәселесін көтерді. Сонымен қатар 2020 жылы Үкімет қаулысымен бекітілген "Болашақ" халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеу ережесімен мемлекеттік тіл деңгейіне қойылатын талаптың күшейтілуін енгізу және жүзеге асырылуы тәжірибесімен бөлісті. Ол "Болашақ" стипендиаттары мен түлектерінің мемлекеттік тілді білмейді деген қоғамда қалыптасқан теріс пікірді нақты мысалдармен жоққа шығарды.
"Болашақ" стипендиясы иегерлері қазақтілді, Ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп жатқан азаматтар. Соның ішінде, "Болашақ" корпоративтік қоры Дисней мультфильмдерін қазақ тіліне аударса, "BilimMediaGroup" мүшелері қатарындағы "Болашақ" түлектері бастауыш және орта білім саласындағы контентті қазақтандыруда, "Болашақ" түлектерінің қатысуымен Ұлттық аударма бюросы, "Мазмұндама" қоры әлемнің танымал авторларының еңбектерін қазақ тіліне аударуда.
"Болашақ" түлегі басқаратын Talantiz компаниясы Мемлекеттік басқару академиясымен бірге Qazaq Resmi Test - қазақ тілінің тестін жасақтады. "Болашақ" түлектерінің қазақтілді оқушыларға кәсіби бағыттау сабақтары да мемлекеттік тілде жүргізілуде. Бұл мысалдардың шеті ғана, - деді Айнұр Бағдатқызы.
«Қазақ тілі» қоғамының мүшесі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Л. Гумилев ат. ЕҰУ ректоры кеңесшісі, химия ғылымдарының докторы Ақерке Абылайхан «Болашақ» стипендиаттарының қазақ тілінің көсегесін көгертуде қосып жатқан үлесіне тоқталды.
Жас ұрпақтың тілге қызығушылығын тудыру үшін интернет кеңістігінде қол жетімді сапалы ғылыми контент қажет. "Болашақ" қауымдастығы Disney компаниясының мультфильмдерін қазақшаға аударды. Бірақ біз жасөспірім жастарды ұмытып кеткендейміз. Қаншама жасөспірім жастарымыз халықаралық олимпиадалардан жүлделі орынды иеленіп отыр. Бірнеше тілді меңгерген талантты жастарды неге телеарналардан арнайы хабар жасап көрсетпеске. Қала баласы мен ауыл баласының қызығушылығы бір болуы тиіс. Себебі еліміздің болашағы -бір ұрпақ бір-бірін түсінуі қажет. Сонымен қатар, қазақ тілін халықаралық деңгейде оқыту мәселесін жүйелендіру жұмысын жүргізуді ұсынды. Бүгінде халықаралық деңгейде дамыған елдердің Германия- DAAD, Ұлыбритания -British council сияқты мемлекеттік емес ұйымдары жұмыс жасайды. Қазақ тілі шетелде орталықтар мен университет кафедраларында жүргізіледі. Өкінішке орай, бұл жұмысты жүргізу жүйеленбеген. Шетел студенттеріне елімізде оқытуға гранттар бөлінеді, ал бұл жұмысты шетелдің осындай ұйымдары жүргізеді. Ана тіліміздің әлемдік деңгейде кеңінен насихатталуына әр азамат мүдделі болу керек», - деп ол.
Білім беру саласының маманы Аятжан Ахметжан орта білім саласындағы қазақ тілін оқыту түйткілдері туралы сөз қозғап, әсіресе аралас мектептердегі қазақ тілінің оқыту деңгейі көңіл көншітпейтінін алға тартты. Бұл орайда Аятжан Ахметжан мектеп директорларын қызметке алуда мемлекеттік тілді білу талабын қою керек деп баса айтты.
Ақш-тағы Солтүстік Юта университетінің магистранты Назира Байырбек шет мемлекетте қазақ тілі курстарын ұйымдастыру төңірегінде ой қозғап, Америкада «Қазақ тілі» қоғамының өкілдігін ашуға ықыласты екенін білдірді.
Қоғам беслендісі, кәсіпкер Мақсұтбек Айтмағамбет қазақ тілінің халықаралық аренадағы мәртебесі жайында айтып берді. Белгілі психолог Лимана Қойшиева тіл мәдениетінің ұрпақ тәрбиесіндегі алатын орны туралы әңгімеледі.
Іс-шарада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы астаналық филиалдың жуырда сайланған жаңа төрағасын таныстырды. Қоғамның елордадағы филиалын бұдан былай қоғам белсендісі, "Болашақ" бағдарламасының түлегі, филология ғылымдарының кандидаты, журналист-педагог Қанат Әуесбай басқарады. Форум соңында астаналық тіл жанашырлары мен қоғамның белсенді мүшелері марапатталды.