"Қазақ тілі - өз тілім" - Сергей Адлер

"Шаңырақ" бағдарламасының екінші саны жарық көрді. Астана қаласының тұрғыны, 25 жастағы Сергей Адлермен әңгіме барысында бас қаладағы жастардың тілі туралы тақырып кең айтылды.

Жас жігіт өзінің тұстастары, достары көп жүретін қаладағы негізгі сауда және ойын-сауық орталықтарында қыдыратын жастар қазақша сөйлемейтінін айтты. Расында да жас буынның қазақшаға шорқақ, немқұрайлы екендігін бәріміз де байқаймыз ғой.

Сергей Адлермен болған әңгіме арасында қазақтың ұлттық ойындары, ат спорты, атқа міну мәдениеті секілді тақырыптар қозғалды. Тіпті, Сергейдің тарих ғылымына қызығуы себепті - қазақ тарихындағы ең елеулі оқиғаларға да шолу жасалды.

Әңгіме соңында қорытынды пікір сұраған жүргізушімізге Сергей "өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" деген сөзбен бағдарламаны қорытайық" деп жауап берді. Жүргізуші Алмас Алтай "сонда өз тілім деп сіз қай тілді айтасыз" деп тағы сауал қойған, қонағымыз "әрине, өз тілім - қазақ тілі" деп жауап берді.

"Шаңырақ" - түрі өзге болса, тілі қазақша азаматтармен мемлекеттік тілде сұхбат құратын, сол арқылы қоғамға ой тастауды мақсат тұтатын жоба. Жоба негізінен елге танымал азаматтармен қатар, бұған дейін қалың жұртшылыққа беймәлімдеу боп келген жастар сөйлейтін алаң болмақ, көрерменге сонысымен де тартымды болуды көздейді.

"Шаңырақ" бағдарламасының алғашқы қонағы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдык келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Элина Масагутова болған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Видео: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы