“Қазақ тілі – француз тілі емес”. Депутат тілімізді мазақ еткен бапкердің әрекетін сынады

Сенат депутаты Геннадий Шиповских ҚХА мүшесі ретінде Станислав Черчесовтің қазақ тілін француз тілімен шатастырған әрекетіне қатысты Спорт министрі мен Қазақстан футбол федерациясына үндеу жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат видеоүндеуді өзінің фейсбуктегі парақшасында жариялады.

Өздеріңіз көріп отырғандай, футбол құрамамыздың бас бапкері Черчесовтің қазақ тіліне байланысты брифингте айтқан пікіріне қатысты шу болып жатыр. Ол бұл жерде қазақ тілі мен француз тілін шатастырып тұр. Бұл видео әлеуметтік желіне дүр сілкіндіріп жатыр. Бір жағынан қарасаңыз видео ерсі көрінеді, - деді сенатор.

Ол видеоүндеуінде Черчесовке қазақ тілі мен француз тілінің айырмашылығы қалай екенін түсіндіріп берді.

Менің ойымша, ол біздің елімізде қызмет етіп, бас құрамамызды баптап жатқаннан кейін қазақ тілін білмесе де, қазақ тілі мен француз тілінің айырмашылығын білгені дұрыс. Сондықтан соған мән берсеңіз. Өйткені қазақ тіліміз – еліміздің басты байлығы. Өзге ұлттың, өзге елдің азаматы екенін түсінеміз. Бірақ олай артық кетудің қажеті жоқ. Біздің тілімізді мазақ етіп, оны басқа жағынан көрсетудің қажеті жоқ. Қазақ тілі – ол француз тілі емес. Қазақ тілі – ол дара тіл. Қазақ тілі – ол Абайдың тілі. Қазақ тілі – ол біздің ұлы тіліміз, - деп түсіндірді Шиповских.

Депутат елімізге келген өзге елдің азаматы болсын, өзге ұлт өкілі болсын – олар қазақ тілінің маңыздылығын түсініп, білгені дұрыс деп есептейтінін атап өтті.

Спорт министрлігі мен ҚФФ-ның құлағына алтын сырға. Мұндай жағдай қайталанбауға тиіс. Біздің тіл – ол басты байлығымыз. Тілімізді ешкімнің ешқашанда мазақ етуге қақысы жоқ, - деді Геннадий Шиповских.

Бұған дейін әлеуметтік желіде ҚФФ брифингінде қазақ тілінде сұрақ қойып жатқан журналиске Станислав Черчесов “Сен қазір французша сөйлеп отырсың ба?” деп, қазақ тілі мен француз тілін шатастырған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Facebook/ Геннадий Шиповских
Өзгелердің жаңалығы