«Қазақ рухын сезінемін»: Азаматтығын ауыстырған бұрынғы ресейлік блогер
«Алға, Петербург» деген лақап атпен танымал блогер Иван Червинский Қазақстан азаматтығын алу өзі үшін ерекше оқиға болғанын айтты. Сұхбат барысында ол енді 17 наурызды өзінің екінші туған күні деп санайтынын жеткізді.
Менің екінші туған күнім –17 наурыз десем болады. Себебі дәл осы күні Қазақстанның төлқұжатын алдым. Шынын айтсам, бұл туралы көп адам ойлана бермейтін шығар. Бірақ Қазақстанның төлқұжаты – әлемдегі ең әдемі төлқұжат қана емес, ол адамға үлкен еркіндік пен күш-қуат береді. Яғни, қазақ рухын шынымен де бойыңмен, тіпті физикалық тұрғыда сезіне бастайсың, – деді Червинский.
Оның айтуынша, ол қазақстандықтармен он жылға жуық уақыттан бері араласып келеді, ал 2018 жылдан бастап контентінің басым бөлігі Қазақстанға арналған.
Иван Червинский Санкт-Петербург қаласында дүниеге келген. Бірнеше жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударған. Оған кеңінен танымалдылық әкелген «Алға, Қазақстан» жобасы алғашында Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналса, кейін Қазақстанның саяхаты, тарихы мен мәдениетін насихаттайтын платформаға айналды.
Қазір блогердің YouTube арнасында шамамен 440 мың, ал Instagram парақшасында 300 мыңға жуық оқырманы бар.
Бұған дейін ол әлеуметтік желілерде Қазақстан азаматтығын алғанын хабарлап, жаңа төлқұжатымен түскен видеосын жариялаған болатын. Бейнежазбаға қазақ тілінде: «Сүйінші! Біз Қазақпыз! Алға, Қазақстан!» деген жазу қалдырған.