Қазақ-қырғыз әдет-ғұрпында ұқсастық көп - Ассамблея өкілі
Қазақ пен қырғыз көнеден көршілес келе жатқан бауырлас халықтар. Сан ғасырлар бойы қатар тұрған тамырлас екі ұлттың әдет-ғұрпында, салт-дәстүрі мен мәдениетінде ұқсастықтардың болуы заңдылық. Осы тақырыпта Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мурас» Қырғыз этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Манас Ташыбековпен тілдесті.
- «Мурас» Қырғыз этномәдени бірлестігі туралы айтып өтсеңіз?
Қырғыз этномәдени бірлестігі 1996 жылы елші Акбар Рысқұловтың бастамасымен Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің жанынан ұйымдастырылды. ҚР Әділет министрлігінде қайта тіркелгеннен кейін 2011 жылдың желтоқсанында ол "Мурас" Қырғыз этномәдени бірлестігі болып өзгертілді.
Қырғыз тілінен аударғанда "Мурас" сөзі мұра дегенді білдіреді. Бірлестік қызметінің негізгі бағыттары - қырғыздардың дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, тілін, мәдениеті мен тарихын жаңғырту, сақтау және дамыту, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеяларының идеяларын іске асыру.
- Екі бауырлас елдің әдет–ғұрыптар мен салт-дәстүріндегі ұқсастықтары бар ма?
Жалпы қазақ пен қырғыз ұлтының ұқсастығы көп. Екі ұлттың түр-тұлғасы, бет-әлпеті де бір-біріне сәйкес келеді. Тұрмыс-тіршілігіндегі айшықты ұқсастық тіпті көп. Мысалы, қазақ халқы секілді қырғыз халқының қонақжайлылығы ежелден бері тамаша халық дәстүрлерінің бірі болып саналады.
Қырғыздар: «конокту уйде кут бар» десе, қазақтар «қонақты үйде құт бар» деген. Сондай-ақ жалпы Орталық Азия халықтарына, оның ішінде қырғыз бен қазақтарға ортақ мейрам - «Нооруз» мерекесін екі халықта ерекше ықыласпен тойлайды. Қырғыз халқы күн мен түн теңескенде «көже» немесе «сумелок» деп аталатын дәстүрлі тағамды пісіреді.
Наурыз кезінде дайындалатын мұндай дәстүрлі тағам қазақ халқында да бар. Ал көршілес екі елдің әдет-ғұрыптан бөлек музыкасында да байланыс бар. Қырғыз халық музыкасының көркемдік стилінің негізгі белгілері қазақтардың, Алтайдың және хакастың кейбір халықтарының музыкасына ұқсайды. Себебі қырғыздардың ұлттық музыкасы Орталық Азия туысқан халықтарының музыкалық мәдениетімен, сондай-ақ түркі мәдениетінің барлық тасымалдаушыларымен тығыз байланыста дамыды.
- Қырғыз халқының шежіресіне айналған «Манас» жыры екі халықты қалай жақындастырады?
«Манас» – қырғыздың әйгілі батырының ардақты есімі ғана емес, ұлт бірлігінің символы, ұлттық идеясының бойтұмары ретінде дәріптеліп, күні бүгінге дейін ұлы ұғым есебінде халықпен бірге жасасып келеді. «Манас» жыры 500 мың өлең жолдарынан тұрады және көлемі жағынан барлық танымал әлемдік эпостардан асып түседі. Ол «Одиссея» және «Иллиада» эпосынан 20 есе, «Шах-намэден» 5 есе, үндінің «Махабхаратынан» 2,5 есе көп.
Қырғыз әдебиетінің ежелгі және кейінгі тарихын зерттеуге әр жылдарда қазақтың белгілі ғалымдары мен әдебиеттанушылары мол үлес қосты. Әсіресе, Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, А.Мусинов, С.Садырбаев, М.Жолдасбеков, Т.Омаров сынды ғалымдардың қырғыз әдебиетіндегі тұлғаларды танытуға, «Манас» эпосын жүйелі зерттеуге, екі ел әдебиетінің өзара байланыстарын зерделеуге сіңірген еңбектері зор.
Бауырлас халық ретінде қырғыз әдебиетінің нұсқаларына Қазақстанның басты энциклопедиялық еңбектерінде кеңінен орын берілді. Екі елдің ауыз екі шығармашылықтарында әрқайсының ұлттық ерекшелігіне байланысты өзіндік болмысын танытатын дүниелер баршылық. Дегенмен тереңнен тамыр тартатын ортақ желі қос халықтың қай мұрасында да айқын байқалып тұрады.
- Әңгімеңізге рахмет!