Қазақ қоғамында әке рөлін қалай арттыруға болады
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова "Әке. Отбасы. Қоғам" X Республикалық әкелер форумында әкенің рөлін күшейтудің маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз дәстүрлі қоғамда “әке - асқар тау” деген тәрбиемен өскен ұрпақпыз. Бүгінгі жаһандану кезеңінде отбасы құндылықтары мәселесі өзгеріске ұшырап отыр. Бірақ соған қарамастан мемлекетіміз, оның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы институтын нығайтуға және оны сақтауға байланысты жүйелі шаралар қабылдап келеді, - деді депутат.
Сүлейменова былтыр депутаттар әйел құқығын қорғау мен бала қауіпсіздігін сақтауға қатысты заң қабылдағанын қоса кетті.
Заңды қабылдау өте қиын болды. Құжат қорғансыз әйелдерді қорғау үшін жасалды. Бірақ бұл заң әкелердің де отбасындағы рөлін күшейтуге бағытталды. Заңда әке болу, ана болу ұғымдарын айқындап, отбасы институтын дәріптеуді, баланы қорғауды нақты көрсеттік. Бүгінгі форум - ел болашағы, отбасы мер ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосатын әкелеріміздің басын қосқан маңызды платформа. Бұл - ел тағдырына бей-жай қарамайтын ер-азаматтарымыздың, оның ішінде аналарымыздың да, қыз-келіншектеріміздің де диалогы, - деп айтты Жұлдыз Сүлейменова.
Депутат атап өткендей, әке - тірек, қорған.
Үйде, қоғамда, мемлекетімізде әкенің рөлі ерекше. Жалпы ең бастысы жауапкершілік пен адалдықтың, ерлік пен еңбекқорлықтың үлгісі болған әкелеріміздің институтын одан әрі нығайту үшін осындай форумдардың атқаратын рөлі орасан зор, - деп ойын айтты Мәжіліс депутаты форумда.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов бүгінгі таңда әке мен бала арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан әлдеқайда сенімді бола түскені атап өткен еді.