Қазақ энергиясы – 2023. Қазір қайдамыз және қайда барамыз?

Қазақстанның энергетикалық қуаты азайып барады. «Электр дефициті пайда болады» дегенге осыдан 5 жыл бұрын көп адам сенбес еді, себебі біз ол кезде артық электр энергиясын экспорттап жүрдік. Ал 2022 жылы Ресейден электр энергиясын сатып алуға мәжбүр болдық. Биыл да сатып аламыз. Біз осы жағдайға қалай жеттік? Біздің электр жарығының негізгі тіректері қандай? Осы туралы саралап, белгілі бір қортындыға келуге болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстандағы электр жарығы – көмір, су, газ, мұнай, күн/желден алынады. Болашақта осы тізімге уран, одан кейін сутегі қосылуы мүмкін. Енді әрқайсысын жеке сараптап, перспективаларын анықтайық. 

Қазақстанда электр өндіретін 190 станция бар. Олар жабылып жүріп 19 мың МВт. электр энергиясын өндіреді. Бұл шамамен 115 миллиард киловатт/сағат. Ал біз, Энергетика министрлігінің болжамына сәйкес биыл 123 миллиард киловатт/сағат тұтынатын боламыз. Біз дегенде – халық бар, өндірістік зауыт-фабрикалар бар, бәрін қосып отырмын. Сонда бізге осы жылы кем дегенде 5 миллиард киловатт/сағат, орта есеппен 8 миллиард киловатт/сағат электр жарығы жетіспейтін болады. Бұл Ресейге деген электр тәуелділігімізді одан сайын арттырмақ.

 

Көмір

 

Көмір – Қазақстандағы электр жарығының нөмірі бірінші шикізаты. Көмірді жылу электр станциялары жағады. Көмір Қазақстан өндіретін 19 мың мегаваттың 70 пайызын береді. Яғни – 13 300 мегаватт. 

Жер планетасында жатқан барлық көмірдің 4 пайызы Қазақстанға тиесілі. Бір сөзбен айтқанда, бізде осы шикізат түрінен еш проблема жоқ. Дәлелденген көмір қоры 33,9 миллиард тонна. Тәуелсіздіктің 30 жылы 2,7 миллиард тонна көмір өндіргенбіз. Оның жартысына жуығы экспортқа кетті. Өзіміз 30 жылда 1,3 миллиард тонна көмір жақтық. Осы есеппен алғанда, көмір бізге кем дегенде 500 жылға жетеді.

Ал онда ары қарай көмірді жағып отыра беруге не кедергі? Экология. Қазақстан әлем қолға алып жатқан экологиялық үрдіске қосылып, Париж келісімін, басқа да халықаралық құжаттарды мойындап, қабылдаған болатын. Енді, осыған сәйкес, бізге болашақта көмір жағуға болмайды.

Біз былтыр атмосфераны 2,4 миллион тонна зиянды заттармен былғадық. Бірақ олай жалғаса беруі мүмкін емес. Біздің көмір жағуымызға 3 жыл ғана қалды. 2026 жылдан бастап Еуроодақ көмірсутек салығын енгізбек. Ол салық атмосфераға шығарылған СО-ның әр тоннасы үшін 100 еуро көлемінде болайын деп тұр. Сонда қазіргі есеппен алғанда, Қазақстан жылына 240 миллион евро көмірсутек налығын төлейтін болады. Және Еуроодақ көмір жағатын елдерді өз нарығынан шеттетіп, олардың тауарлары мен қызметіне дисконт, не баға потологын енгізуді қарастырып отыр. Бір сөзбен айтқанда, көмір жағатын ел – еуропалықтар үшін «нон грата» мемлекет, яғни изгой атануы мүмкін. Сондықтан, біз қалаймыз ба, қаламаймыз ба, көмірді жағудан кетуге мәжбүр боламыз.

Көмір саласын дамытудың басқаша, дұрыс жолы бар. Көмірды жақпай, керісінше оны өңдеп, одан сұйық газ алуға болады. Дәл қазір бұл технология тым қымбат болып тұр. Бірақ, әр технологияның уақыт өте келе арзандайтынын ескерсек, және біз осыны жақсы меңгеріп алсақ, 500 жылға жететін көміріміз бізге керемет болашақ сыйлауы мүмкін. 

 

Су

 

Ия, су. Бір сөзбен айтқанда, гидроэлектр станциялары. Қазақстан 3 мың мегаватты өзендер мен су қоймаларының сағасындағы станциялардан алады. Мысалы, Қапшағай, Бұқтырма. Бұл – бізде өндірілетін электр жарығының 15 пайызы. Экологиялық жағынан алсақ, олар ауаны ластамайды. Экологиялық энергия болып табылады. ГЭС-тер, әсіресе кіші ГЭС-тер көбірек салынбақ. Бұл өте дұрыс шешім. Тек оның қыстағы, контрциклды жұмысына қатысты ғана сұрақтар пайда болады. Ол судың мұз болып қатып қалуына байланысты.

 

Газ

 

Газ – біздегі ортақ электр энергиясының 10 пайызын қамтамасыз етеді. Газотурбиналар негізінен өндірістік ошақтарды, зауыттар мен түрлі қондырғыларды электрмен қуаттауға қолданылып жүр. Газға қатысты мәселе көп. Қазақстан 2024 жылдан бастап көгілдір отынды экспорттамайтын болады. Себебі, газ өзімізге де жетпейтіні анықталды. 

Бірақ, біз үшін газ негізінен электр қуатын алу шикізаты емес. Газ – жылыту функциясын көбірек атқарады. Осы мақсатта, ауыл-аймақтарды газдандыру жұмысы қолға алынып жатқандықтан, газдың дефициті пайда болмақ. 

 

Мұнай

 

Мұнай, оның өңделген фракциялары Қазақстандағы кейбір өндіріс ошақтарына электр энергиясын береді. Ортақ генерациядағы оның үлесі 4 пайыз шамасында. Бірақ оны таза экологиялық жол дей алмаймыз. Мұнай көбіне жанармай (бензин, дизель) және экспорттық табыс рөлін ойнауда.

2022 жылы еліміз 87,5 миллион тонна мұнай өндіруі тиіс еді. Өткен жылдың басында Энергетика министрлігі осындай жоспарды бекітті де, экспорттық выручкамызды шамалай бастадық. Сюрприздер сәуірде бой көрсетті. Қазақстанның негізгі мұнай трассасы - КТК терминалында «қызық дауылдар» орын алып, біраз уақытқа мұнай экспорты тоқтады. Оны қалыпқа келтіре бастағанда NCOC жүргізетін Қашаған кенішінде газдың сыздықтауы анықталып, ондағы мұнай өндірісі уақытша жабылды. Соның салдарынан 2022 жылы біз тек 84 миллион тонна шамасында мұнай өндірдік. Биылғы қойылған жоспар – 90 миллион тонна. Және біз оны орындауға міндеттіміз.

 

Күн мен жел

 

Алланың берген күн мен желі – біздегі электр өндірісінің 2 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл аз емес. Болашақта технологиялар арзандаса, біз осы үлесті 5 пайызға жеткізе аламыз.

Энергетикалық желі сақинасында – энергияның тұрақты болуы міндетті. Әйтпесе, ауықтулар орын алып, барлығы істен шығуы мүмкін. 

Күн мен жел электр жарығының үлкен проблемасы – тұрақсыздығында. Бізде өкінішке орай, жылына 365 тәулік күн шығып тұратын немесе жел ұрып тұратын жерлер жоқ. Жоңғар қақпасында генерацияға қажет жел емес, қондырғыларды сындырып тастайтын дауыл тұрып кететін сәттер көбейіп кетті.

 

Уран

 

Қазақстан ураннан электр энергиясын өндірмейді. Бірақ, бұл уақытша құбылыс деп сенемін. Себебі, көмір сияқты, біз уранның үстінде отырған мемлекетпіз. Уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орын аламыз. Уран экспорты – біздің бюджетті қомақты кіріспен толтырып отыр. Бұл ретте, біз тек шикізат сатып қана қоймай, дайын отын таблеткаларын шығаруға күш сала бастадық.

2022 жылдың аяғында "ҚазАтомПром" ұлттық компаниясы Қытайдың Ұлттық ядролық корпорациясымен (CNNC) ғасыр келісіміне отырды. Енді Қазақстан Қытайдағы барлық АЭС-терге дайын отын - уран таблеткаларын сататын болады. Қытайда қазір 52 реактор бар және тағы 14 реактор блогының құрылысы жоспарланған. ҚазАтомПром жақында осы таблеткалардың алғашқы партиясын - 34 контейнерге тиелген 30 тонна таблетканы теміржолмен Қытайға салып жіберді. Кем дегенде 20 жыл бойы Қытай үздіксіз заказ беріп тұрмақ. 

Ол қалай мүмкін болды? Қытайдағы АЭС-тер француз технологиясымен жасалған. Реактор дизайны AFA 3G деп аталады. Қазақстан уранды шикізат ретінде емес, дайын өнім ретінде сатуды баяғыдан бері армандап жүрген. Сол үшін Өскеменде "Үлбі-ТВС" зауытын салды. Осы зауыт 2021 жылы француздық Framatome компаниясының сертификаттауынан өтіп, Қытайдағы АЭС-терге отын сатуға рұқсат алды. Қытай АЭС саны бойынша АҚШ пен Франциядан кейін үшінші орында. Осы нарықты түгел біз алдық. АҚШ АЭС-теріне отын жеткізу толық Канаданың қолында. Ал біз болашақта Франция үшін таласа аламыз. 

Ураннан электр жарығын жасайтын нәрсе – АЭС, яғни атом электр станциясы деп аталады. Қазақстан алғашқы АЭС-ті Балқаш көлінің жағасына, Үлкен ауылына салмақ.

Қазақстанның атом саласында 20 мың адам қызмет етеді. Осы тұрғыдан қарағанда бұл орасан көп сандар сияқты және "бір атом электр станциясын жүргізуге адам жетеді екен ғой" деген ойға жетелейді. Бірақ, сарапшылардың айтуынша, атом деген міндетті түрде реактор емес. Мысалы, Курчатов қаласында Ядролық орталық бар. Бірақ ол жерде атом энергетикасымен емес, ғылыммен айналысатын мамандар жұмыс істейді. Сонда 20 мың адам дегенде, оның құрамына Курчатов, Өскемендегі Үлбі металлургия зауыты, Алматыдағы Ядролық физика институты, одан бөлек ядролық физика бағытындағы жоғарғы оқу орындары, «ҚазАтомПром» ұлттық компаниясы мен уран рудниктерінде жұмыс істейтін оның еншілес ұйымдарының барлық қызметкерлері кіреді. 

Ал АЭС үшін Қазақстан маман дайындап жатыр ма? Бұл өте қызық сұрақ. Қазір жасалған есеп бойынша АЭС құрылысына 7-8 мың адам қажет. Ал салынып біткен соң онда тұрақты түрде жұмыс істейтін 2 мың адам қажет болады. Ал сол 2 мың адамның ішінде 20 пайызы, демек 300-400-і ғана атом реакторы, ядролық энергетика бойынша жұмысқа тартылады. Сарапшылар, Қазақстан бойынша сол 300-400 адамды іріктеп алу қиын болмайды деп отыр. Бастысы, егер реактор технологиясы таңдалса (Оңтүстік Корея - APR-1400, Франция – EPR, Ресей – ВВЭР-1200), сол технология бойынша мамандарды оқыту басталады. АЭС құрылысы үшін 5 жыл көлемінде құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ары қарай негізгі құрылыс жұмыстары кем дегенде 6 жылды қамтиды. Осы 11 жыл ішінде Қазақстан таза реакторға маманданған өз жұмысшыларын дайындап үлгеруі керек. 

Бір қызығы, бізде жұмыс істеп тұрған үш ядролық реактор бар. Олардың барлығы тәжірибелік, ғылыми мақсатта жұмыс істейді. Әсіресе, ядролық медицинада өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе алдық.

Болашақта уран – Қазақстандағы электр жарығының негізгі шикізатына айналатын сияқты.

 

Сутегі

 

Сутегі, оның ішінде «Жасыл сутегі». Яғни, жасыл гидроген. Бұл енді 5-10 жылдың әңгімесі емес. Бірақ гидроген адамзат эволюциясының кезекті сатысы екені анық. Дәл осы тұста, Қазақстанның көштен қалмай келе жатқаны қатты қуантады. Себебі, Еуроодақ тұтынбақ супер экологиялық отынның осы түрін Қазақстан Каспий жағасында өндірмек.

Швецияда тіркелген, Еуроодақтың жасыл энергетикадағы алпауыт компаниясы - "SVEVIND Energy Group" әлемдік инвесторлар пулын жинап, Қазақстанда мыңдаған жел мен күн генераторларын қойып, одан келетін экологиялық таза электр энергиясына "жасыл" гидроген өндіретін зауыт жасайтын болды. Ол зауыт "HYRASIA ONE" деп аталады.

Маңғыстау жазығында күн батареялары мен жел генераторы салынады. Олар 40 гигаватт қуат береді. Осы энергия Каспий теңізінің жағалауындағы электролизерлерді айналдырады. Сонда зауыт жылына екі миллион тонна жасыл гидроген (сутегі) өндіреді. Бұл 2030 жылы Еуроодақ тұтынуы мүмкін барлық сутегі көлемінің 20 пайызы. Бұл сутегі әлеміндегі жаңа Қашаған, Теңіз кен орындары десе де болады. 

50 миллиард доллар тұратын жобаны әлем инвесторларының пулы қаржыландырады. Ол біздің Ұлттық қормен тең. 2022 жылдың қазан айында HYRASIA ONE Қазақстан үкіметімен Инвестициялық келісімге қол қойды. 2022 жылы жобаны әзірлеудің бірінші кезеңі сәтті аяқталып, "ILF Consulting Engineers" пен "Roland Berger" инженерлері концепциялық зерттеу жұмыстарын бітіріп, инвесторларға тапсырды. Жоспар бойынша Қазақстан алғашқы гидрогенін 2030 жылы өндіретін болады. Ал 2032 жылы HYRASIA ONE зауыты өзінің толық қуатына шықпақ. 

Бұл жоспар орындалса, біз әлемге қажет, қадірлі елге айналатынымыз анық.

 

Эпилог орнына бірер сөз

 

Сөзбен бәрі күшті сияқты көрінеді. Ал факт – бізге электр энергиясы жетіспеуде. Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазіргі және болашақ тапшылықты жабу үшін 2035 жылға дейін шамамен 17,5 ГВт жаңа қуаттарды іске қосу қажет. Онымен бірге, қазіргі ГЭС-тер де, ТЭЦ-тер де әбден тозды. 1930 жылғы қазандық, турбиналармен жұмыс істеп жатқандары да бар. Сондықтан, жаңаруға, энергетикадағы жаңа технологияларға, мейлі ол атом болсын, басқа болсын халық қарсы болмауы тиіс. Ол өзіміз отырған бұтақты өз қолымызбен арамен кескенмен тең.

 

Үйде бір сағатқа жарық өшіп қалса, үйден кетіп қалғым келеді. Ал ертең Қазақстан мүлде жарықсыз отырса – сіз қандай сезімде болар едіңіз?

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы