15 Қазан 2026, 15:49 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазанда азаматтарға 112 мың теңгеге дейін ақшалай көмек беріледі

Ақтөбе облысында мүгедектігі бар адамдарға 112 мың теңгеге дейін көмек төленеді

Ақтөбе облысында Республика күніне орай мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Төлем мөлшері санатына қарай 56 225 теңгеден 112 450 теңгеге дейін болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасы редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

Басқарманың мәліметінше, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын мүгедектігі бар адамдарға 13 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 56 225 теңге төленеді. Ал мүгедектігі бар балаларға 26 АЕК немесе 112 450 теңге көлемінде біржолғы көмек беріледі.

Аталған көмекті биыл қазан айында төлеу жоспарланған.

Бұған дейін Атырау облысында барлық топтағы мүгедектігі бар азаматтарға Республика күніне орай біржолғы әлеуметтік көмек төленетінін жаздық.

Оған қоса, Ақмола облысында Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орай I, II және III топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға біржолғы әлеуметтік көмек  көрсетіледі.