Қазан-ошақтан кәсіпкерлікке дейін...
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл тұрғындарының саны жыл санап артып келеді. Табиғатқа жақын болу керек екенін, табиғи өнімді қолданудың маңыздылығын пандемия тағы бір мәрте дәлелдеді. «Қаладан шықпаймын» деген жастың барлығы ауылға қарай көз салды. Кәсіпкер әйел десе, көз алдымызға шыттай киінген, кеңселік адамның образы елестейтіні өтірік емес. Алайда ауылдық жерлерде кәсіп ашып, бизнесвумен атанып отырған қыз-келіншектер де аз емес.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия басшысы Ләззат Рамазанова айтып өткендей, Қазақстан халқының 52 пайызын әйелдер құрайды.
Бұл – үлкен, қозғаушы күш. Өзім мемлекеттік қызметке кеткен әйелдерді де көрдім. Жоғары оқуды тәмамдаған соң өз өңірлерінде қалатын қыздарды да қолдадым. Ата-анасы бастаған игі істі жалғастырғысы келгендер де көп болды. Елімізде 3 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар. Бұл көп емес. Себебі жақсы дүние көптік етпейді. Мен ауылдарда әйелдер мен қыз-келіншектерге жағдай жасауға бағытталған кез келген қозғалысты қолдаймын. Себебі аудан орталықтары да ауыл сияқты күн кешеді. Инфрақұрылымдық тұрғыдан ол аудандар қала деңгейіне жеткен жоқ. Бәрінен бұрын ол деңгейге біз сана арқылы жетуіміз керек, - деді ол.
Ләззат Рамазанова айтып өткендей, ауыл шаруашылығы жаңа деңгейге шығып жатыр.
Қазақстанда 200 мың шаруа қожалығы бар. Бүгінде 40 мың әйел қожалықтарға басшылық етеді. Әйелдің жетістігіне марқаятын ең алдымен отбасы екенін атап өткен жөн, - деді ұлттық комиссия басшысы.
Қазір ауыл әйелдері арасында мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп ашып отырғандар аз емес. Отбасы мүшелерінің жағдайы мен тұтас кәсіпті дөңгелету күш пен табандылықты, кәсібилікті қажет ететіні белгілі.
Мәселен, Ақмола облысында 10 мың кәсіпкер болса, қазір 48 мың кәсіпкердің тең жартысын әйел құрап отыр.
Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мәліметінше, бүгінде ауылда 1,7 млн әйел жұмыс істейді. Әрбір 5-ші шаруа қожалығын әйел басқарады. Бүгінде олар мемлекеттік басқару органдарында да жұмыс істеп жатыр. Аудандық мәслихат депутаты - 512, аудан әкімі - 5, 348 әйел ауылдық әкім қызметінде отыр.
Дегенмен, жергілікті жердегі көп әйел үй шаруасында отырады.
1500-ге жуық шалғайдағы ауыл әйелдері арасында сауалнама жүргізілген екен.
Ауылдықтардың 50 пайызы 3-30 мың теңге аралығында табыс табады. 50 мыңға дейінгі табысты олардың 25 пайызы табады. Ауылдағы әйелдердің 25 пайызы үй шаруасында отырады. Жалпы алғанда, ауыл әйелдерінің 90%-ы мемлекеттің еңбекпен қамту бағдарламаларына қатыспаған.
Ауылдық әйелдердің көкжиегін кеңейтіп, мүмкіндігінің көп екеніне көз жеткізу үшін игі істі атқарып жүрген ұйымдар да баршылық.
Мәселен, "Жасыл" экономиканы және G-Global-ды дамыту коалициясы соңғы жеті жыл ішінде ауыл әйелдерін жұмыспен қамтуды ұйымдастырумен белсенді айналысып келеді. Бүгінде коалиция ауыл әйелдерін қолдауға бағытталған сегіз жобаны жүзеге асырып жатыр.
Ауылдық бизнесвумендер
2019 жылы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 4949 әйел 21 млрд теңге несие алған. Елдің барлық өңірінің әйелдері қомақты қаражатқа кәсібін дөңгелетіп отыр. Олардың бірнешеуі туралы жазуды жөн көрдік. Алматы мен Түркістан облысының әйелдері несие алып, кәсібін ашқандардың көшін бастап отырғанын айта кеткен жөн.
Раушан Қалисаттарқызы ауылдық жерлердегі кооперативтерге продюсерлік етеді.
Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген кезімде өзім де бірқатар проблемаларға душар болдым. Кішкентай ауылдық кәсіпорындар мал дәрігері сынды мамандарды қамтамасыз етеді алмайды. Оның салдарынан өнімнің сапасы төмендейді. Қазір екі кооператив менің қызметімді пайдаланады. Ауылдарда шағын фермерлік қожалықтарды ұйымдастыруға көмек көрсетеміз, - деді ол.
Ауылдық тұрғындарға ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдікпен несие де ұсынады.
Ондай мүмкіндікті қалт жібермеген ауылдық келіншектер де аз емес.
Мәселен, жетісайлық Айзат Абирова 3,6 млн теңге несие рәсімдеп, 9 құлынды бие сатып алған. Осылайша, ол жергілікті тұрғындарға саумал мен қымыз сатып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Ал Сарыағаш ауданына қарасты Жаңаталап ауылында тұратын Айна Оралбаева мамыр айында 5 млн теңге несие рәсімдеп, автокөліктерге газ құю бекетін ашты.
Бүгінгі таңда бензинге қарағанда бағасы арзан болғандықтан, автокөліктеріне газ құятын жүргізушілер өте көп. Ауылды жерден осындай бекеттің ашылғаны, тұрғындарға да қолайлы болған.
Бұл тізімде Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұратын жеке кәсіпкер Бақыт Сейілова да бар. Шебер осы уақытқа дейін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының СҚО филиалынан төрт рет несие алған.
Алғашқы несиеге әмбебап кәсіби тігін машинасын сатып алған. Биыл жаңадан салған екі қабатты жеке ғимаратын ашты. Онда тігін шеберханасы мен дүкені жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта тігінге қатысты тағы басқа да қызмет түрлерін іске қоспақ.
Әзірге, ол жерде киім қысқартудан бастап мектеп формасына дейін тігіледі. Қазір елдегі жағдайға байланысты жаппай сұранысқа ие – қорғаныш маскасын тігіп жатыр. Өнімдерін облыстың дәріханалары мен мекемелердің қызметкерлеріне сатады. Алты адамға жұмыс беріп отыр.
Қазір еңбек етемін деген адамға мемлекет қолдау көрсетеді. Оны тек тиімді пайдалану керек. Мен осы кәсіппен айналысқалы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан төрт рет несие алдым. Соның арқасында тігін шеберханамды кеңейттім. Жұмысым ойдағыдай жүріп жатыр. Қордан берілетін несие біз үшін өте тиімді. Өйткені, проценті төмен, одан басқа да жеңілдіктері бар, - дейді кәсіпкер Бақыт Сейілова.
Бәйдібек ауданының Шаян ауылында тұратын жеке кәсіпкер Алтынай Шотбаева 2015 жылдан бері ұсақ мал басын көбейтумен айналысады.
Былтыр желтоқсан айында 12 млн теңге несие рәсімдеп, 386 бас қой мен 13 бас қошқар сатып алған.
Шаруаға несие 6%-бен берілді және екі жылға дейінгі жеңілдік мерзімі бар.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл жеңілдіктер оған фермасының дамуына және ұсақ мал басын көбейтуіне көп көмегін тигізуде.
Сондай-ақ, Арыс қаласына қарасты Қабылсай ауылының тұрғыны Кулзина Суюндикова 2,4 млн теңге несие алады. Несие қаражатына 9 бие сатып алып, кәсібін бастағалы отыр.
Жылқының жайылымы сапалы болып, күтімі келіссе, биеден күніне 10-15 литр сүт сауылады. Қымыз - өкпе ауруына таптырмайтын ем. Құрамында С, А, В, D және Е витамині мол. Емдік қасиеттері туберкулез ауруынан емдеу үшін айрықша жоғары, тіпті туберкулезді қымызбен емдейтін ең алғашқы курорт 1858 жылы Самара қаласының маңында ашылған екен. Қымыз ішу арқылы жүйке ауруларын емдеуге болады. Қымыз ағзаға жан-жақты әсер етеді. Ол ас қорыту органдарының, жүрек-қан тамырлары аппаратының, жүйке жүйесі мен басқа органдардың қызметін жақсартады. Қымыздың әсері бүкіл ағзаны өзгертеді, - дейді кәсіпкер.
Жігіттердің жүрегі дауалай бермейтін істі қыздар алатын кездер де болады.
Жанар Орынбаева Ұлытау ауданына қарасты Бетбұлақ ауылында тұрады. Ол «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қарағанды филиалынан несие рәсімдеп, 9 бас жылқы сатып алды.
Болашақта малының санын көбейтіп, жылқы етін өндірумен айналыспақ.
Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын «Жасыл экономика» коалициясының бастамасымен ауыл әйелдерінің форумы өткізіле бастады. 2018 жылы тек бірінші республикалық форум өткізілсе, былтырдан бастап 14 облыста өңірлік форумдар жеке ұйымдастырыла бастады. Оған 163 ауылдан 3 мың әйел қатысты. Былтырғы форумның географиясы кеңейді. Оған Ресей мен Қырғызстанның, Әзербайжанның азаматтары да қатысты.