22 Қазан 2026, 18:12 Фото: yk-news.kz

Қазан айында қыс келді: Риддерді қалың қар басты

Қала екі тәулікте қалың қар астында қалды. Көшелерді қар басып, оқушылардың мектепке жетуі қиындады. Қар тазалауға қанша техника жұмылдырылды?

Риддер қаласында екі тәуліктің ішінде 60 сантиметрге дейін қар жауды. Бірнеше күннің ішінде қала қыс көрінісіне енді: көшелерді қар басып, коммуналдық қызметтер жолдарды тазарту үшін арнайы техникаларды іске қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазан айы әлі аяқталған жоқ, алайда Риддерде нағыз қыс басталғандай. Қар жолдарды, тротуарларды, ағаштар мен тұрақта тұрған көліктерді басып қалды. Қала тұрғындары қарға оранған көшелердің көрінісін әлеуметтік желілерде жариялап жатыр.

Қалың қар мектеп оқушылары үшін де таңғы жолды қиындатты. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбалардан балалардың еріген, дымқыл қар басқан жолмен келе жатқанын көруге болады. Оқушыларға мектепке дейінгі әдеттегі жолды еңсеру оңайға соқпаған.

Коммуналдық қызметтердің мәліметінше, соңғы екі тәулікте қалада 60 сантиметрге дейін қар жауған.

Қар тазалау жұмыстары күндіз-түні жүргізіліп жатыр

Қалың қар жаууына байланысты коммуналдық қызметтер көшелерді тазарту жұмыстарын күшейтті. Алдымен қоғамдық көліктер жүретін жолдар тазартылып, содан кейін басқа учаскелерге кезек беріледі.

22 қазанға қараған түні қала көшелерінде 11 арнайы техника жұмыс істесе, күндіз сегіз техника жұмылдырылған.

Түнгі уақытта қар тазалау жұмыстарына 11 арнайы техника тартылды, ал күндіз сегіз техника жұмысқа шықты. Оның ішінде екі автогрейдер, екі тиегіш, үш трактор және бір құрама жол машинасы бар, – деп хабарлады қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жергілікті yk-news.kz ақпарат агенттігіне.

22 қазаннан 23 қазанға қараған түні қар тазалауға жұмылдырылатын техникалар санын көбейту жоспарланып отыр.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, қар тазалаумен айналысатын «Фирма Эталон» кәсіпорны қысқы маусымға 15 техника дайындаған.

Коммуналдық қызметтер көшелерді қардан тазалап жатқанда, Риддер тұрғындары қазан айында жауған қалың қардың көріністерін әлеуметтік желілерде бөлісіп жатыр. Жауын-шашын мөлшеріне қарағанда, биыл қыс күнтізбеге қарамай, ерте келуге шешім қабылдағандай.

Тағы оқи отырыңыз: – 10°С: Қазақстанның бірнеше өңірінде аяз болады