"Қайрат" – "Селтик" матчының қаһарманы: қақпашы Темірлан Анарбеков туралы не белгілі

21 жастағы "Қайрат" қақпашысы Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде "Селтикпен" қарымта матчтың басты қаһарманы атанып, алматылық клубтың тарихи жетістікке жетуіне зор үлес қосты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Темірлан Анарбеков Атырау облысы Водников ауылының тумасы. Ол жастар деңгейінде 2017 жылға дейін "Атырау" сапында ойнады, содан кейін "Қайрат" академиясының ойыншысы атанды. Темірлан негізгі құрамдағы дебютін 2020 жылы жасады, бірақ бір ғана матч өткізіп, "Қайрат-Жастарға" кетті – ол жастар құрамасында үш жыл ойнады. Қақпашы өткен жылы "Жеңіс" клубының сапында болды.

Қазақстан Премьер-лигасының 2025 жылғы маусымында Темірлан Анарбеков "Қайрат" сапында алты ойын өткізді.

Қақпашының "жұлдызды сағатына" келер болсақ, ол алғаш рет Александр Заруцкий жарақат алған "Селтикпен" (0:0) сырт алаңда өткен ойынның 75-минутында қосалқы құраммен алаңға шықты.

Ал Алматыдағы қарымта ойында Анарбеков бес керемет сейв жасап, одан кейін пенальтилер сериясында "Селтик" ойыншыларының үш соққысын қайтарды. "Қайрат" үшін Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне қатысу тарихта алғаш рет болмақ.

"Қайрат" сапында Темірлан Анарбеков Қазақстан чемпионы, сонымен қатар ел кубогы мен суперкубогының иегері атанды. Сондай-ақ Қазақстанның әртүрлі жастағы (U-17, U-19, U-21) құрамасында ойнап, барлығы 15 кездесу өткізген. Темірлан ұлттық құрама сапында әлі дебют жасаған жоқ.

Еске салсақ, 26 тамызда алматылық "Қайрат" плей-офф раундының қарымта матчында шотландиялық "Селтикті" өз алаңында жеңіп, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: instagram.com/f.c.kairat
Өзгелердің жаңалығы