Қайғылы апат: Жаңаөзенде өрт сөндіру көлігімен соқтығыста 10 жасар бала көз жұмды
Жаңаөзен қаласында өрт сөндіру көлігі мен жеңіл автокөлік соқтығысып, 10 жастағы бала көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қайғылы оқиға 18 қаңтарға қараған түні болған. Шақыртуға бара жатқан өрт сөндіру көлігі Lifan маркалы жеңіл автокөлікпен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасынан кейін Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына 10 адам жеткізілді. Ауыр жарақат алған 10 жастағы балаға шұғыл ота жасалғанымен, алған жарақаттарының салдарынан медициналық мекемеде қайтыс болды.
Тағы бір зардап шеккен науқас жансақтау бөлімінде аса ауыр жағдайда жатыр. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, қарқынды ем қабылдап жатыр.
Төрт адам травматология және нейрохирургия бөлімшелеріне жатқызылды, олардың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Ал тағы төрт адам жағдайы жақсарғаннан кейін үйлеріне жіберілген.
Аталған жол апаты фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Көлік жүргізушісіне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі (Жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның қаза табуы) бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнуі мүмкін.
Еске салсақ, 18 қаңтарда Жаңаөзен қаласы, Манат көшесінде шақыртуға бара жатқан өрт сөндіру көлігі мен жеңіл автокөлік соғысып, жол-көлік апаты болған. Салдарынан өрт сөндіру көлігі жеке тұрғын үйге соғылған.
Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Жаңаөзен қаласында өрт сөндіру автокөлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты қосымша ақпарат берді. Сондай-ақ зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасында нақтыланған болатын.