Қатон-Қарағай, Зайсан және Кендірліде аэропорт салынып жатыр
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев алдағы үш жыл ішінде елдегі аэропорттарды жаңғырту жоспарланғанын айтты.
Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев елімізде әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, алдағы үш жыл ішінде елдегі аэропорттарды жаңғырту жоспарланған. Ірі әуежайлармен қатар өңірлердегі шағын аэропорттарға да ерекше көңіл бөлініп жатыр.
Аэропорт инфрақұрылымына келетін болсақ, алдағы үш жылдың ішінде олардың модернизациясын жасаймыз. Ірі аэропорттармен қатар регионалды шағын аэропорттарға да ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес туристік Қатон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі аэропорттарының құрылысы және Арқалық аэропортының қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - дейді Сауранбаев.
Оның дерегінше, елімізде аэрохабтарды дамыту жұмысы 6 ірі аэропортқа бағытталған. Министр бұл бағытта институционалдық және инфрақұрылымдық жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
Ол үшін институционалдық және инфрақұрылымдық жағдайлар жасалып жатыр. Аэропорттардың жаңарту жұмыстары көп бөлігі жеке инвестиция есебінен іске асуда. Атап айтқанда, 14 мамырдағы Түркия Республикасы Президентінің сапары барысында Алматы аэропортын жаңғырту бойынша инвестициялық келісімге қол қойылды, - дейді ведомство басшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстандық авиакомпаниялардың паркіне тағы 6 ұшақ қосылады.
Тағы оқи отырыңыз: Кендірлідегі әуежай 2027 жылы іске қосылады