Бүгiн 2026, 11:19 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

"Қашан барсаң да "Маша мен аю" қосылып тұрады": Ринат Зайыт балабақшалар мен тәрбиешілер мәселесін көтерді

Мәжілісте балабақшалардағы шетелдік мультфильмдердің басымдығы мен ұлттық тәрбиенің жай-күйі қызу талқыланды.

Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен «Мектепке дейінгі білім беруді дамыту» тақырыбындағы отырыста депутат Ринат Зайыт балабақшалардағы ұлттық тәрбие мәселесін көтеріп, балаларға қандай құндылықтар дәріптеліп жатқанын сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат алдымен Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі білім беру саласына қатысты баяндамасына тоқталып, ауылдық жерлердегі жағдайдың толық көрсетілмегеніне назар аударды.

Оның айтуынша, есепте негізінен қалалар мен аудандар бойынша мәліметтер келтірілгенімен, ауылдық балабақшалардың даму қарқыны туралы нақты ақпарат жоқ.

Баяндамаға қарасаң, бәрі жақсы сияқты. Бірақ ауылдағы балабақшалардың соңғы үш жылдағы өсу динамикасы қандай? Баяндамада қала мен аудан ғана көрсетілген. Ауылда бала жоқ па, әлде басқа мәселе бар ма? Осыны нақты білгіміз келеді, – деді депутат.

Сондай-ақ ол мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбие жұмысының мазмұнына қатысты сауал қойды.

Қашан барсаң да балабақшада “Маша мен аю” мультфильмі қосылып тұрады. Ұлттық тәрбие беретін нақты бағдарлама бар ма? Балаларға арналған қандай отандық мультфильмдер әзірленді? Қандай көрнекі құралдар қолданылады? Балалар қандай әдебиеттер оқиды, қандай тақпақтар жаттайды? Осы мәселелер қызықтырып отыр, – деді Ринат Зайыт.

Депутат кейбір балабақшаларда балалар пайдаланатын ойыншықтардың мазмұны мен сыртқы белгілеріне де назар аудару қажет екенін айтты.

Бұдан бөлек, ол Қазақстанда діни бағыттағы балабақшалардың бар-жоғын және олардың мемлекеттік қаржыландыру жүйесіне қатысын сұрады.

Мәжілісмен жеке меншік балабақшалардағы еңбек жағдайы мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, өзіне Алматы қаласындағы жекеменшік балабақшада жұмыс істейтін тәрбиешіден шағым түскен.

Тәрбиеші мен көмекші күні бойы жұмыс істейді. Айлықтары – 150 мың теңге. Жазғы демалыс кезеңінде толық төлем алмайды. Неге мониторинг кезінде тек құжаттар мен циклограммаларды тексереміз де, қызметкерлердің еңбек жағдайына назар аудармаймыз? – деді депутат.

Сұрақтарға жауап берген Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова бүгінде елімізде ауылдық жерлерде орналасқан 6 404 мектепке дейінгі ұйым бар екенін айтты. Бұл көрсеткішке мектеп жанындағы шағын орталықтар да кіреді.

Оның сөзінше, ауылдық жерлерде жаңа балабақшалар ашу тұрғындар санына қарай жүзеге асырылады.

Халық саны аз елді мекендерде мектеп жанынан шағын орталықтар ашылып, сол арқылы мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдастырылады, – деді ол.

Шынар Ақпарова ұлттық тәрбие мәселесіне де тоқталды.

Оқу-ағарту министрлігі бекіткен үлгілік оқу бағдарламасында ұлттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарға қатысты барлық бағыт қамтылған. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдарда қолданылатын әдістемелік оқу кешендерінің тізбесі бекітілген. Көрнекілік құралдарға қатысты да арнайы нормативтік құжаттар бар, – деді вице-министр.

Ведомство өкілінің айтуынша, Қазақстанда ресми түрде діни бағыттағы балабақшалар жоқ.

Білім туралы заңға сәйкес діни ұйымдар тек діни қызметкерлерді даярлау бағытында ғана жұмыс істей алады. Сондықтан елімізде діни бағыттағы балабақшалар тіркелмеген. Мемлекеттік те, жекеменшік те балабақшалардың барлығы бірыңғай үлгілік оқу бағдарламасы бойынша жұмыс істейді, – деді Ақпарова.

Ал жекеменшік балабақша қызметкерлерінің жалақысына қатысты сұраққа жауап берген ол мемлекеттік ұйымдардағы еңбекақы көлемі заңнамамен реттелетінін, ал жекеменшік мекемелерде жалақы мөлшерін жұмыс берушілердің өздері белгілейтінін айтты.

Бұған дейін Мәжілісте балабақша кезегінің өзекті мәселесі көтерілді. Белгілі болғандай, Қазақстанда балабақша кезегінде 143 мың бала тұр.