Қаржы вице-министрі OMarket.kz айналасындағы 4 млрд теңгелік дауға пікір білдірді
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Қазақстанның Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) тарапынан OMarket.kz платформасында шамамен 4 млрд теңгеге бағаның артық қойылғаны анықталды деген мәлімдемеге пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ержан Біртановтің айтуынша, бұзушылық туралы айтуға әлі ерте, ал жүйенің өзі бюджет қаржысын үнемдеуде тиімділігін дәлелдеген.
Бұл порталдың айналасында расымен де көп әңгіме болды. Тіпті туыстарыма да тегіміздің ұқсастығына байланысты сұрақтар қойылды. Тағы да атап өткім келеді: біздің туу географиямыз әртүрлі. Жоба менің келуіме дейін басталған және ол шешім қабылдау жеделдігі мен қаражат үнемділігі бойынша тиімділігін көрсетті. Дәл қанша үнемделгенін ресми сұрау салсаңыздар, ұсынуға дайынбыз, - деді Ержан Біржанов.
Министр ҚМА түсіндірмелерін өз атынан бағалай алмайтынын атап өті. Себебі бұл – тиісті органның құзыреті.
Мүмкін, оларда алдын ала есептеулер бар шығар. Менің білуімше, ҚМА тарапынан бұл мәселе бойынша ресми мәлімдеме болған жоқ. Тікелей агенттікке жүгінуді ұсынамын. Егер сіз сұрау жолдаған болсаңыз, біз міндетті түрде жауап береміз, - деді ол.
Платформаның ашықтығына қатысты сұраққа жауап бере отырып, министр OMarket.kz арқылы тек тауарлардың бір бөлігі өтетінін, ал негізгі және ең ірі сатып алулар бұрынғыша мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүргізілетінін нақтылады.
Егер қайшылықтар немесе конструктивті ұсыныстар болса, біз порталдың жұмысын түзетеміз. Баға мәселесіне келсек – бұл нарықтың ұсынысы. Біз нарықтық оферталарды «кесіп тастай» алмаймыз. Егер эталондық немесе стандартты бағаларды орнату қажет болса, оны қарастыруға және нақты талдау жасауға дайынбыз. Тағы да атап өтемін: біздің жүйелердің орындаушыларына ешқандай қамқорлық жасалмайды. Талаптар жоғары, жүйелер тәуелсіз жұмыс істейді, - деді Ержан Біржанов.