Қаржы пирамидаларының белгісі бар 400-ден астам сілтеме бұғатталды

Павлодар облысында жыл басынан бері қаржы пирамидаларының жолын кесу бойынша төрт қылмыстық іс тергелген. Сонымен қатар, жыл басынан бері 400-ден астам сілтеме бұғатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел басқармасының басшысы Жоламан Қиналбековтің айтуынша, қаржы пирамидаларымен күрес жұмыстары күшейтілгенмен, агрессивті жарнама құрбандары азаймай тұр.

Бірінші дерек бойынша «Q-NET» компаниясының қызметкерлері төрт жыл бойы қаржы пирамидасын құрған. 28 адам «инвестициялық бағдарламаның» құрбаны атанып, оларға 33 миллион теңге шығын келді. Кінәлілер шартты түрде 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал екінші факті бойынша алты қалада жұмыс істеген қаржы пирамидасы жойылды. Ұйымдастырушылар халықты инвестициялық жобаға ақша құюға шақырып, кейін алдап кеткен. Бұл пирамида бойынша 7,6 млрд теңгенің 18 мыңға жуық келісімшарты жасалған. Бес мың салымшы сан соғып қалды. Өңірде 100 млн теңгеден астам салым салған азаматтар да бар, - дейді Жоламан Қиналбеков.

Мамандардың айтуынша, «Кибернадзор» жүйесі арқылы заңға қайшы мазмұндағы сайттар мен сілтемелерді бұғаттау жұмыстары жүргізілген. Өткен жылы 600 сілтеменің жұмысы тоқтатылды. 11 мыңнан астам оқырманы бар алты парақша жабылды.

Халық қаржылық пирамидалардың айқын белгілерін білу керек. Әккі қаржы институттарының басты ерекшелігі - жылдам және жеңіл ақша табуға уәде беруі. Кей алаяқтар жылына 300%-ға дейін пайда табылатынын айтады. Ал жаңа салымшыларға сыйақы ұсынады. Олар лицензиясыз жұмыс істейтінін білген жөн. Бұның барлығы күдік тудырары. Осыдан сақ болу керек, - дейді мамандар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы