Қаржы алаяқтарының құрбандары – зейнеткерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер
«Заң және тәртіп» идеологиялық тұжырымдамасын ілгерілету аясында елордада «AFM Online 2025: XXI ғасырдың цифрлық триггерлері» атты кең ауқымды форум өтті, деп хабарлайды деп хабарлайды BAQ.KZ Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Форумға 2 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, сарапшылар, танымал блогерлер мен өнер иелері болды. Алайда форум ең алдымен қарапайым халық – мұғалімдер, дәрігерлер, теміржолшылар мен студенттер үшін ұйымдастырылды. Себебі дәл осы азаматтар қаржылық алаяқтардың басты нысанасына айналып отыр.
Форумның негізгі мақсаты – қаржылық және цифрлық қауіпсіздік саласындағы қазіргі заманғы қауіптерді талқылау болды. Қатысушылар қаржы пирамидалары, «дропперлердің» әрекеті, интернет-алаяқтық және азаматтарды қорғау шаралары сияқты маңызды тақырыптарды талқылады. Көп жағдайда дәл осы санаттағы азаматтар алаяқтардың құрбанына айналатыны атап өтілді.
Форумды Қаржылық мониторинг агенттігінің департамент басшысының орынбасары Андрей Давыдов ашып, «Қаржы пирамидасына қалай алданбауға болады?» тақырыбында баяндама жасады. Оның айтуынша, Қазақстанда жыл сайын мыңдаған азамат қаржы пирамидаларына алданып қалады:
Азаматтар пәтерлерін сатып, несие алады, жеңіл табысқа сеніп, ақыры барынан айырылады. Тек 2021 жылдан бері 99 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Жалпы шығын – 37 млрд теңге. 86 мыңнан астам адам зардап шекті, – деді ол.
Форумның екінші бөлігінде интернет-алаяқтық тақырыбы қозғалды. Гүлзия Қарсыбай дропперлер – өздерінің банк шоттарын алаяқтарға беріп жіберетін жастар жайында айтты. Ал ІІМ Киберполиция қызметкері Жандос Сүйінбай интернеттегі алаяқтықтың жаңа түрлерімен таныстырып, азаматтарды цифрлық қауіптерден жақындарын қорғауға шақырды.
Қаржылық блогер Андрей Чеботарев «Жақындарыңызды қалай қорғауға болады?» тақырыбында сөз сөйледі.
Алаяқтар – ең алдымен біздің ата-аналарымызды, ата-әжелерімізді нысанаға алады. Сондықтан біз оларға қауіптерді түсіндіріп, сақтануға көмектесуіміз қажет, – деді ол.
Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз, 1458 нөмірі бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің қолдау қызметіне жүгініңіз.