Қарбыздан улансаңыз не істеу керек? Алматыда тұрғындарға қайда жүгіну керегі түсіндірілді
Мамандар қарбыз бен қауынды улы элементтердің құрамына зерттеу жүргізеді.
Алматыда қарбыз бен қауыннан улану жағдайлары қоғамда алаңдаушылық туғызған тұста санитариялық дәрігерлер тұрғындарға күмәнді өнімді қайда және қалай шағымдануға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, бүгінгі күні бақша өнімдері жергілікті немесе импорттық деп бөлінбей, барлығына бірдей зертханалық бақылау жүргізіледі.
Мониторинг аясында өнімдерден кездейсоқ іріктеу әдісімен сынамалар алынып, зертханалық зерттеуге жіберіледі. Жергілікті немесе әкелінген өнім деп бөліп тексеру жүргізілмейді, – деді ол өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте.
Оның сөзінше, зертханалық тексерулердің нәтижесінде әзірге рұқсат етілген шекті мөлшерден асқан көрсеткіштер анықталмаған.
Мамандар қарбыз бен қауынды улы элементтердің құрамына, пестицидтердің қалдық мөлшеріне, радиологиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге тексереді. Барлық зерттеу қолданыстағы санитариялық талаптарға сәйкес жүргізіледі.
Әсел Қалықова мониторинг тек бақша өнімдері сатылатын маусымда ұйымдастырылатынын айтты. Қазіргі таңда тексерулер Алматының барлық сегіз ауданында жүргізіліп жатыр.
Қарбыздан улансаңыз қайда шағымданасыз?
Егер тұрғындар сатып алған қарбыз немесе қауын сапасыз деп күмәнданса немесе өнімнен кейін тағамнан улану белгілері байқалса, олар e-Otinish платформасы арқылы ресми арыз немесе шағым бере алады.
Сонымен қатар арнайы «жедел желі» жұмыс істемейді. Дегенмен аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары мен департаменттің байланыс нөмірлері ашық қолжетімді.
Шағым қаралуы үшін өнімнің нақты қай сауда орнынан сатып алынғанын растайтын құжаттарды (чек және басқа дәлелдер) қоса ұсыну қажет. Одан кейін уәкілетті органдар заңнамаға сәйкес тексеру жұмыстарын жүргізеді.
Сатушыларға қандай жаза қарастырылған?
Сапасыз немесе қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін бақша өнімдерін сатқандарға қолданылатын әкімшілік жауапкершілік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген.
Әсел Қалықованың айтуынша, айыппұл мөлшері құқық бұзушының мәртебесіне қарай – жеке тұлға, жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға екеніне байланысты есептеледі және айлық есептік көрсеткіш (АЕК) негізінде белгіленеді.
Еске салайық, бұған дейін ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Үкіметтегі брифингте журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, қарбызды тұтынудың ең қауіпсіз кезеңін атаған болатын.