Қарбызда "химия" бар ма? BAQ.KZ зерттеп көрді
Шілденің ортасы – елімізде түрлі жеміс-жидектер мен соның ішінде қарбыз жеу маусымы қызатын шақ. Алайда жеп жүрген жемістеріміз қаншалықты қауіпсіз? BAQ.KZ тілшісі ҚР ПІБ МО Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығындағы зертханаға барып, қарбыздың құрамындағы нитраттарды тексеріп көрді.
ҚР ПІБ МО Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығындағы Санитариялық-химиялық зерттеулер зертханасында кез келген жеміс-жидек құрамындағы нитратты тексеруге болады.
Зертханаға қарбызды апарған соң зертхана қызметкерлері оларды дұрыстап жуып, тазалады.
Одан кейін қарбызды бірнеше бөлікке бөлді. Тексеріс барысында қарбыздың үш жерінен кесілген бөліктер алынады.
Зертхана қызметкерлері қарбыз құрамындағы нитратты көбінесе арнайы экспресс-сынаманың көмегімен анықтайды.
Ал бізге түсініктірек болу үшін зертхана қызметкерлері екі әдіспен: дәстүрлі және экспресс-сынама әдісімен тексеріп көрсетті.
Дәстүрлі әдісте қарбызды жуып, кескен соң алынған бөлікке арнайы ерітінді құйылып, шамамен 10-15 минут бойы арнайы ыдыста араластырылды.
Арада уақыт өткен соң сұйықтыққа айналған өнімнің бөлігін арнайы құрылғыға салып, нитрат өлшенді.
Әдетте нитраттар маусымдық жеміс-жидектерде қарбыздан бөлек, баялды (баклажан), шалғам (редис), цукини мен картоптың құрамында да кездеседі. Әр жемісті өзінің маусымында жеуге кеңес береміз. Мысалы, қарбызды шілденің ортасынан бастап жеген дұрыс. Нитраттың нормасы жеміс-жидектерде – 1 келісіне 60-қа дейін, қауын мен бананда – 90 мг болуға тиіс. Картопта – 250 мг, баялдыда – 200 мг-ды құрайды. Ал қияр мен қызанақ маусымына қарай зерттеледі. Қыркүйек айына дейін 150, одан кейінгі айларда, яғни жылыжай маусымы басталғанда қызанақта – 300 мг, қиярда – 400 мг қалыпты деп саналады, - деп түсіндірді зертхананың маманы Сахи Дамирзада.
Айта кетерлігі, нитраттар – қарбыздар қанық түске боялу үшін қолданылатын тыңайтқыш. Мамандар нитраттар өздігінен қауіпті емес деп отыр.
Нитраттар организмге көп мөлшерде түскен кезде қауіп тудыруы мүмкін. Яғни нитраттардың көп бөлігі организмге түскенде олар нитриттерге айналады. Бұл – эндогенді қасиеттерге ие канцерогендер. Канцерогендер онкологиялық, жүрек-қантамыр ауруларын, асқазан-ішек жолдары ауруларына алып келетіндігімен қауіпті. Нитраттардың қауіптілігі осында, - деп атап өтті зертхана маманы.
Зертхана мамандары қарбыздың тағы бір бөлігіне экспресс-жолақты салып, тексерудің екінші – шұғыл әдісін көрсетті. Айта кетерлігі, экспресс-жолақтар қарбыздың бірнеше бөлігіне қойылады. Осы орайда, нәтижені анықтау кезінде түстік шкала қолданылады.
Нитраттардың мөлшері түстері бар арнайы шкаламен анықталады. Мысалы, біздің мына сіз әкелген қарбызыңыз 13 мг шамасындағы нәтижені көрсетті. Бұл дегеніміз – қарбыз жеуге жарамды екендігін білдіреді, - деді Сахи Дамирзада.
Маманның сөзінше, нитраттар мөлшері әсіресе маусым айының бас кезіндегі жеміс-жидектерде, соның ішінде қарбыздарда жоғары болады.
Нитраттың бар-жоғын көзбен көре алмаймыз. Оны анықтау үшін арнайы құрылғы немесе осындай экспресс-сынамалар керек. Нитраттың нақты белгілері жоқ, - дейді маман.
Еске салайық, бұған дейін қарбызды қай айдан бастап жеген дұрыс екенін жаздық.
Сондай-ақ дәрігерлер қарбыздан уланып қалмаудың жолдарын атады.
Дәрігерлер қарбызды дәнімен жеуге қатысты пікірлерін айтты.
Сонымен қоса, қарбыз жеу арқылы артық салмақтан арылуға қатысты мамандар пікір білдірді.