Қарағандыдағы бала өлімі: Инфекциялық орталықта жоспардан тыс тексеру басталды
Бала 25 наурыздан 17 сәуірге дейін стационарда ем алған.
Қарағандыда 2 жасар баланың өлімінен кейін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Облыстық клиникалық аурухананың инфекциялық орталығында жоспардан тыс тексеруді бастады.
Аталған комитет Қарағанды қаласында 2024 жылы туған баланың өліміне қатысты резонанстық оқиға бойынша аумақтық департаменттің Облыстық клиникалық ауруханасындағы инфекциялық орталықтың қызметіне жоспардан тыс тексеру бастағаны туралы мәлімдеді.
Тексеруге медициналық көмектің сапасына қатысты түскен шағым мен 2026 жылғы 20 сәуірде тергеу органдары шығарған қаулы негіз болды. Тексеру кезінде көрсетілген көмектің сапасы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық жабдықтардың жай-күйі жан-жақты қаралады.
Тексерудің әділ өтуі үшін тәуелсіз сарапшылар мен балалар реаниматологиясы, пульмонология, жұқпалы аурулар, клиникалық фармакология, балалар хирургиясы, аллергология және сәулелік диагностика саласының мамандарынан комиссия құрылды. Жұмысқа, сондай-ақ, тәуелсіз сарапшылар қауымдастығы мен Астана қаласындағы медициналық университеттің мамандары тартылды, - деп хабарлады Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің баспасөз қызметі.
Қазір сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы 2026 жылғы 7 мамырға дейін дайын болады. Тексеру нәтижелері бойынша акт жасалып, материалдар тергеу органдарына беріледі. Комитет баланың жақындарына қайғырып көңіл айтады және күш-қуат тілейді. Жағдайдың ерекше бақылауда екенін жеткізеді, - деп жазылған комитет хабарлаимасында.