Қарағандыда «туыстарынан» сәлемдеме алған зейнеткерлер ақшаларынан айырылды
Күдіктілер зейнеткерлерге телефон соғып, қариялардың жинаған қаражатын иемденіп отырған.
Қарағандыда зейнеткерлерді тонаған алаяқтар тобы ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полиция қызметкерлері теміртаулық алаяқтарды ұстады.
Ұйымдасқан бірнеше адам егде жастағы әйелдерді алдаған. Олардың кемінде 9 қылмыстық эпизодқа қатысы бар екені анықталды.
Қылмыскерлер қалалық телефон арқылы хабарласып, өздерін «ұлы» немесе «туысы» ретінде таныстырған. «Сәлемдеме келді, ақшасын шұғыл төлеу керек» деген сылтаумен 75 жастан асқан қариялардың жинаған қаражатын иемденіп отырған. Жәбірленушілер алаяқтарға 320 мыңнан 4 миллион теңгеге дейін ақша берген. Мәселен, 80 жастағы қария 320 мың теңгесінен айырылса, тағы бір 90 жастағы тұрғыннан 2 миллион теңге жымқырылған, - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері алаяқтыққа қатысы бар 32 жастағы күдіктіні және оның сыбайластарын қолға түсірді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Екібастұзда жасырын алкоголь өндіру цехы анықталды.