Қарағанды облысында 3 жасар баланың үстіне ғимарат қасбеті құлап, оған шұғыл ота жасалуда
Қарағанды облысында зардап шеккен бала жансақтау бөліміне түсті.
Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінде 3 жасар баланың үстіне ғимараттың қасбеті құлаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Белгілі болғандай, балаға Мәдениет үйінің қабырғасының бір бөлігі құлаған. Бала жансақтау бөліміне түсіп, оған шұғыл ота жасалуда.
Бұқар Жырау ауданында мәдениет нысаны қасбетінің бір бөлігі үш жасар баланың үстіне құлағаны туралы әлеуметтік желілерде тараған бейнематериал бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Зардап шеккен бала медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауында. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, баланың денсаулығына қатысты Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы да түсініктеме берді.
Бала қарқынды терапия палатасына жатқызылды. Қазіргі уақытта толық көлемде реанимациялық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Емдеу тактикасы облыстың бейінді мамандарымен, соның ішінде нейрохирургпен және реаниматологпен келісілді. Жағдай Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының бақылауында, - деп хабарлады Қарағанды облысының ДСБ баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Астанадан қонаққа келген бала Қарағандыда терезеден құлап, ауруханаға түсті.
Сондай-ақ, былтыр қараша айында Астанада басына кондиционер құлаған 23 жастағы фельдшер қайтыс болды.