Бүгiн 2026, 12:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Террористер, педофилдер және қанішерлер: «Қара бүркітте» біз білмейтін тағы не бар?

Қазақстанда қанша адам өмір бойына сотталғанын анықтадық.

Яна Легкодимованы асқан қатігездікпен өлтірген Алтынбек Катимов пен Ризуан Қайыржанов 20 сәуірде жазасын өтеу үшін "Қара бүркіт" түрмесіне жіберілді. Олар өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл осындай ауыр жаза тағайындалғандар жазасын өтейтін Қазақстандағы жалғыз мекеме. "Қара бүркітте" қанша адам отыр? BAQ.KZ тілшісі Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемесіне ресми сауал жолдап анықтады. 

Қанша адам өмір бойына сотталған? 

Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №39 мекеме өкілдерінің мәліметінше, қазіргі таңда мекемеде өмір бойына бас бостандығынан айырылған 200-ден астам адам жазасын өтейді.

Өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандардың орташа жасы 22-76 жас аралығында. Соңғы 3-5 жыл ішінде мекемеге шамамен 80 сотталған келіп түсті.

Фото: BAQ.KZ коллажы

Қаржы туралы сұрақ жауапсыз қалды

Мекеме редакцияның сотталғандарға жұмсалатын қаражат туралы сұрағына нақты ақпарат бермей, тек оларды медициналық қамту жайлы атап өткен. 

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 19 шілдедегі №622 Жарлығына сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне берілді. Медициналық қызметтер Жітіқара аудандық орталық ауруханасы тарапынан көрсетіледі.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын сотталғандарды тамақтандыру және материалдық-тұрмыстық қамтамасыз етудің заттай нормалары Қазақстан Республикасының ішкі істер министрінің 2025 жылғы 12 мамырдағы №360 бұйрығына сәйкес жүргізіледі, - делінген ресми жауапта. 

Фото: BAQ.KZ коллажы

Сонымен қатар, мекемеде психологиялық қызмет мамандары жұмыс істейді, олар сотталғандарға психологиялық кеңес береді және тренингтер өткізеді.

Мекемеде сотталғандарға қатысты қатаң бақылау мен қадағалау қамтамасыз етілген. Қызметкерлердің жауапты әрі жүйелі жұмысының нәтижесінде мекеме қызметі барысында төтенше жағдайлар мен құқық бұзушылықтарға жол берілмеген, - дейді мекеме өкілдері. 

Қазіргі таңда мекемеде ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық бақылау жүйелі түрде  жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, мекеме қызметіне қоғамдық кеңестер, прокуратура органдары, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымдар тарапынан тұрақты түрде тексерістер жүргізіледі екен. 

"Қара бүркітте" кімдер отыр? 

Айта кетейік, мекеме 1961 жылы түзеу-еңбек колониясы ретінде құрылған. 2000 жылдардың басында ондағы ұстау режимі өзгертілді. Ал 2004 жылдың мамыр айында мұнда өмір бойына бас бостандығынан айырылған алғашқы сотталғандар жеткізілді.

"Қара бүркітте" ауыр қылмыс жасағандар, оның ішінде, террористер, адам өлтіргендер мен педофил деп танылғандар жазасын өтеп жатыр. Бұл жерге жазасын өтеуге келгендер қайтадан бостандыққа шығуы екіталай. Себебі көбі өмір бойына сотталып, жазасын өтеп отыр. Ал мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға алдымен 25 жыл жазасын өтегеннен кейін ғана арыз жаза алады. Алайда "Қара бүркіт" тарихында мерзімінен бұрын шыққандар болмаған. 

Қазіргі таңда түрмеде қоғамға белгілі оқиғалардан аты белгілі Владислав Челах (Арқанкерген оқиғасы) пен Руслан Күлекбаев (Алматыдағы теракт) жазасын өтеп отыр. Енді олардың қатарына Алтынбек Катимов пен Ризуан Қайыржанов та қосылды. 

Одан бөлек, ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша:

  • Шымкентте анасын екі ұлымен өлтірген Олег Власкин;
  • үш жасар баланы өлтіргені үшін сотталған Игентай Сопыжанов;
  • 15 жастағы оқушы қызды зорлап, өлтірген Сергей Наумцев;
  • бес жасар қызды өлтіріп зорлаған Сайдолим Гайнозаров;
  • Алматыда бес адамды өлтірген Игорь Дужнов;
  • «Қызыл шамдар кварталының санитарлары» (Санитарлар бандасы) деп аталған қылмыстық топ мүшелері Сергей Копай (1967-2008, колонияда қайтыс болған);
  • Алматыда 7 қызды өлтіріп, олардың етін жеген Евгений Турочкин және Михаил Вершинин өмір бойына сотталған.

Тағы оқи отырыңыздар:

Колониялардағы өлім 5%-ға төмендеді: Өзгеріске не әсер етті?

Түрмедегі өмір: Перизат Қайраттың қандай жұмыс істеп жүргені белгілі болды

“Қыз өзі кінәлі”, “Маған қатысы жоқ”: Зорлық құрбаны болған заңгермен сұхбат