Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен кәсіпкерлерге толықтай төлем жасалды – Досаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді. 

Айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаңтар оқиғаларының нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне төлем төлеу жұмыстары аяқталды.

Барлығы 14,5 млрд теңгеге 1594 өтінім мақұлданды. Шағын және орта бизнес – қала экономикасының негізі. Онда еңбекке қабілетті халықтың 64%-ы жұмыс істейді. Сондықтан бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. 2022 жылы бюджеттен қосымша 5 млрд теңге бөлініп, 46,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бүгінде 16,5 млрд теңгеге шағын және орта бизнестің 219 жобасы қаржыландырылды, - деп атап өтті қала әкімі. 

Сондай-ақ ол бір жыл ішінде кәсіпкерлердің белсенділігі артты деп отыр. 

Нәтижесінде, 1 маусымда белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бір жылда 19,5%-ға, яғни 195 мыңнан 233 мыңға дейін өсті, - деді мегаполис басшысы. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Ерболат Досаев қаладағы азық-түлік тапшылығымен қалай күресіп жатқаны туралы айтқан болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы