Қаңтар оқиғасы. Рақымшылыққа кімдер ілінеді?
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы қаралады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мәлімдегендей, «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын Парламент депутаттары Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында бастамашылық жасаған.
Заңның мақсаты – ел аумағында 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығында жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты не олардың жолын кесу кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босату не оларға соттар тағайындаған жаза мерзімдерін қысқарту. Сондай-ақ жоба азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған адамдарға мемлекет пен қоғам тарапынан ізгілік пен мейірімділік актісіне жатады.
Заң жобасында кімдерге жеңілдік жасалатыны нақты қамтылған. Атап айтқанда, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған тәртіпсіздіктерге қатысушыларға қатысты қылмыстық істер тоқтатылады, олар бойынша сотталғандар жазадан босатылады, ал жазасын өтеген адамдардан сотталғандығы алынады.
Ауыр қылмыстар жасаған адамдарға соттар тағайындаған жазалар ¾-ке, аса ауыр қылмыстар ½-ге қысқартылады. Бұл ретте, егер сотталғандардың Рақымшылық жасау туралы заң қолданысқа енгізілген күнге жазасын өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, негізгі жаза оның бүкіл өтелмеген мерзіміне қысқартылады. Қылмыстардың қайталануы немесе қауіпті қайталануы кезінде жазасы тағайындалған, террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, мемлекетке опасыздық жасаған, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған, азаптаулар, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайды. Заң жобасын жұмыс тобы шеңберінде талқылау кезінде құқықтық олқылықтарды болғызбау, заң жобасының нормаларын бір-біріне және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес келтіру мақсатында заң жобасының бүкіл мәтіні бойынша заң техникасы бойынша, редакциялық, нақтылау сипатындағы түзетулер енгізілді, - делінген құжатта.
Белгілі болғандай, Мәжілістің тұрақты комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын ұсынып отыр.
Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, Әділет, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, Республикалық адвокаттар алқасы, Орталық Азиядағы Халықаралық түрме реформасы, Ұлттық алдын алу тетігінің тобы және басқа да үкіметтік емес және мүдделі ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 4 отырысын өткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліске Қаңтар оқиғасына қатысты «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы ұсынылғаны туралы жазған болатынбыз.