Қаңтар оқиғасы. 1,5 мыңға жуық адамға рақымшылық жасалады
Бұл туралы депутат Гүлнар Бижанова Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандарға мерзімдерді қысқарту көзделген. Ауыр қылмыстар үшін – сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін – мерзімнің жартысы қысқарады.
Бұл ретте, егер сотталған адамға Заң қолданысқа енгізілген күніне бір жылдан аспайтын мерзімі қалса, бұл жаза оның өтелмеген бүкіл мерзіміне қысқартылады. Босатылатын адамдарды бейәлеуметтендіру көзделеді. Бұл – жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету, құжаттарды ресімдеу және тағы басқа. Тұрғын үйі жоқ адамдар үшін – өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған орталықтар қарастырылады. Террористер, экстремистер, рецидивистер, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар және азаптаулар жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайды, - деді мәжілісмен.
Сонымен қатар ол бұл туралы Президенттің нақты айтқанын алға тартты.
Алдын ала жасалған есептеу бойынша осы кезеңде рақымшылық 1,5 мыңға жуық адамға жасалады. Заң жобасын іске асыру қосымша қаржылық шығындарды қажет етпейді және теріс экономикалық, әлеуметтік және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, - деді Гүлнар Бижанова.
Еске сала кетейік, бүгін Мәжілісте Қаңтар оқиғасына қатысты «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мақұлданғаны туралы жазған болатынбыз.