Қаңғыбас иттерге бөлінген миллиардтар қайда? Депутаттар тексеру жүргізуді талап етті
Жануарларға бөлінген бюджет қомақты қаржы қайда жұмсалды?
Мәжіліс депутаттары қаңғыбас жануарларды аулау мен стерилизациялауға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына күмән келтіріп, құзырлы органдардан жекеменшік паналардың қызметін тексеруді талап етуде.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мен бірқатар депутат ҚР Бас прокурорына, ҰҚК төрағасына және Қаржылық мониторинг агенттігіне ресми сауал жолдады.
Депутаттардың мәліметінше, 2022-2026 жылдар аралығында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң аясында АСВҚ (аулау, стерилизациялау, вакцинациялау және қайта жіберу) бағдарламасын іске асыруға бюджеттен 14,9 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Қазіргі уақытта жануарларды уақытша ұстауға арналған 112 пункт тіркелген. Оның ішінде 89-ы - мемлекеттік, 23-і - жекеменшік. Сонымен қатар 69 жануарлар панасы жұмыс істейді. Оның ішінде 4-еуі - мемлекеттік, 65-і - жекеменшік. Аталған ұйымдардың барлығы аулау, стерилизациялау, вакцинациялау, қайта жіберу бағдарламасына қатысуға құқылы. 2022-2026 жылдар аралығында аталған бағдарламаны іске асыруға бюджеттен жалпы көлемі 14 914 240 мың теңге бөлінген (2022 жылы - 1 221 337 мың теңге, 2023 жылы - 3 976 285 мың теңге, 2024 жылы - 2 976 285 мың теңге, 2025 жылы - 3 525 035 мың теңге, 2026 жылы - 3 215 298 мың теңге). Бұдан бөлек, жекеменшік паналар мен уақытша ұстау пункттері өз қызметін жүзеге асыру үшін азаматтардың қайырымдылық қаражаттарын, демеушілік көмектерді және шетелдік гранттарды тартуға мүмкіндігі бар, – дейді депутат.
Депутаттардың айтуынша, әлеуметтік желілердегі деректер бір ғана пананың өзіне соңғы төрт жылда 400 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінгенін көрсетеді. Алайда осыншама қомақты қаражаттың игерілгеніне қарамастан, елді мекендерде қаңғыбас иттердің саны азаймай, керісінше артып отыр.
Қазіргі таңда қаңғыбас иттердің санының артуы АСВҚ бағдарламасының тиісті деңгейде орындалмай отырғанын көрсетеді, ал оны іске асыруға бөлінген қаражат толық игерілген деп есептелуде, – делінген депутаттық сауалда.
Сондай-ақ, депутат видеожолдауында тексеру талабына да тоқталып өтті.
Жоғарыдағы паналардың барлығы да аулау, стерилизациялау, вакцинациялау және қайта жіберу шараларына қатыса алады. Енді осы бөлінген қомақты қаржы қайда кетті? Егер қаржылар алынып, тиісті модель бойынша пайдаланылған болса, неге иттерің саны өсіп кеткен? 4 жылда 13 пайызға өскен. Адамдарды тырнау, қабу деректері 28 пайызға артқан. Оның ішінде қауып алған бұралқы иттердің саны көп. Бірнеше өңірде адамдар құтырма ауруына душар болған. Сондықтан мен бастаған 13 депутат Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Қаржылық мониторингі агенттігіне хатымызды жолдадық, – деді Еділ Жаңбыршин.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Қазақстанда бұралқы иттерді кемінде 5 күн ұстауды ұсынды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Қазақстанда ит пен мысықты міндетті чиптеу енгізілуі мүмкін
Ақмола облысында ит әйелді талап тастады
Алматыда итті көлікке шынжырмен байлап, өлімші етіп сүйреткен