"Қандастар өндіріске үлкен пайда әкеле алады": Депутат шектеулерді сынға алды
Депутат Мұрат Әбенов Алматы облысында пәкістандық жұмысшылар көбейгенін айтып, қандастарға қойылатын талаптарды қайта қарауды ұсынды
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстандағы көші-қон саясаты мен қандастарға қойылатын талаптарды сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, ол жуырда Алматы облысында болып, бірнеше топ адаммен кездескен.
Бір байқағаным – Алматы облысында Пәкістан азаматтары көбейіп кеткен. Олар неге келеді? Себебі ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адам жоқ, – деді Мұрат Әбенов.
Оның сөзінше, шетелден келген жұмысшылар негізінен мал бағу және егін шаруашылығы сияқты салаларда еңбек етіп жүр.
Депутат қандастарға дұрыс жағдай жасалса, олардың да солтүстік өңірлерге көшуге дайын екенін айтты.
Қандастар келсе, бұл мемлекетіміздің дамуына көбірек пайдасын тигізеді, – деді ол.
Мұрат Әбенов қоғамда қандастарға қатысты қате көзқарас қалыптасқанын да атап өтті.
Көп жағдайда қандас десе, білімі жоқ, біліктілігі төмен адам ретінде қараймыз. Бұл дұрыс емес, – деді депутат.
Оның айтуынша, әсіресе Қытайдағы қазақтар технология мен бизнес саласында тәжірибелі.
Қазір Қытай технология жағынан дамыған ел. Ол жақтағы қандастар өндіріс саласына үлкен пайда әкеле алады, – деді Әбенов.
Сонымен қатар депутат қандастардың өздері де қазіргі талаптарға наразы екенін жеткізді.
Қандастар “бізді ВНЖ-мен (тұрақты тұруына ықтиярхаты) келген басқа адамдармен бірдей қойды” дейді. Сонда қандас статусының айырмашылығы қандай? – деді ол.
Әбеновтің айтуынша, қазіргі таңда қандастарға тек белгілі бір өңірлерге бару талабы қойылады.
Басқа елден келгендер Алматы мен Астананы таңдай алады. Ал қандастарға “осы 6 облысқа барасың” деп талап қояды, – деді депутат.
Оның сөзінше, мұндай талаптың салдарынан кей қандастар бірнеше ай жүріп, кейін қайта кетуге мәжбүр болып жатыр.
Менің ойымша, бұл дұрыс емес, – деп айтты Мұрат Әбенов.
Бұған дейін ол мемлекетте жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобаларға байланысты қоғамда түсінбеушілік туындағанын айтқан еді.